Жолым менің болмай жүр көпке дейін,
Тағдырыма сондықтан өкпелеймін.
Алды тартып, өмірдің арты теуіп,
Ығыстырып тастайды шетке, кейін.
Айбын, ашу, жоқ менде адам қанау,
Менде жоқ жағымпаздық — табан жалау,
Менде — төзім,
Сірәда, жүйкем менің
Өгіздің терісінен жаралған-ау.
Жо, жоқ!
Менің өкпем жоқ тағдырыма,
Өміріме, өзіме — барлығына.
Нан батырып жесем де ризамын
Көз жасымның бір тамшы қалдығына.
Жүректе қан, кеудеде жан тұрғасын,
Көңілден күй, көзден жас сарқылмасын,
Көз жасымен тағдырым суарылып,
Жарқылдасын өмірім, жалтылдасын.
Көтеріліп көңілім шарқ ұрғасын,
Көз алдымда тағдырым қалтылдасын!
Ішек үзілсін, домбыра сынсын мейлі
Шер тарқатар шемен күй тартылғасын!
Мұқағали Мақатаев