Жиылып ой қазағы, қыр қазағы

Жиылып ой қазағы, қыр қазағы,
Ақын боп Алматыда жыр жазады.
Біреулер жырыменен сарай салып,
Біреулер жырыменен ін қазады.

Әйтеуір бір келер деп дүр етер күн,
Алданып мен де босқа жүр екенмін.
Атаққа алан болған, тиынға күл,
Өзім де ақымақтың бірі екенмін.

Қалай да қатарымнан озамын деп,
Қатындай күндестігім қозады кеп.
Сабылтып, сайқал үміт қолын бермей,
Көзін қысып, саусағын сөзады тек!

Несіне?
Несіне мен? Несіне мен?
Жазды екем, жанды қинап, несіне өлең?!
Жүрегіме жүк арттым несіне мен,
Жүре бермей өмірдің кешіменен?!

Соры қалың жан екем, соры қалың,
Сірә да, көп кешікпей, торығармын.
Несіне жолды қумай, сөзді қудым?
Сірә, мен бір пәлеге жолығармын!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *