Көңілде
Көптен бері мен
Өмірді көктем көріп ем.
Енді-енді түсініп келем,
Өткенде өткелдерінен.
Кей-кейде жығылып барып,
Кей-кейде жығылып та алып,
Өмірдің сырын ұқпадық,
Ол бізден бұғынып қалып.
Тыңнан жол таппақ та болдық,
Тыңнан нәр татпақ та болдық…
Ақыры батпаққа қондық,
Сонан сон ақ мақта болдық.
…Беу, менің есіл күндерім,
Білмедім есім кіргенін.
Әйтеуір, есіп жүргенмін,
Өмірді кешіп жүргенмін.
Әйтеуір, есті білмедім,
Білмедім кештің кіргенін.
Қош енді, ескі күндерім!
Келе ғой, есті күндерім!!!
Мұқағали Мақатаев