БӘРІНЕ ДЕ ТҮСІНЕМ

 

Бәріне де түсінем,
Бәрін білем,
Бірақ білмен өзімнің әлімді мен.

Пайдам да жоқ ешкімге, зияным да,
Ұялтуға қақым жоқ, ұялуға.
Жаяулатып жүріп-ақ, дәмем күшті,
Құрық салам құланға қиялымда.

Қалқасында жүріп-ақ қалтарыстың,
Күшім бар деп, күшіндей Алпамыстың,
Келсін шамам келмесін, шаруам жоқ,
Геркулеспен келеді арпалысқым.

Олай көрем өзімді, бұлай көрем,
Өзімді-өзім патша, құдай көрем.
Кесілмеген тұсауы нәрестедей,
Кездескеннің бәрінен құлай берем.

Шабыт, ашу, шаттық, мұң, ұят қалып,
Жүрген жай бар, осылай күй ақтарып.
Билей алмай жүрмін мен бір басымды,
Роботы біреудің сияқтымын.

Бәріне де түсінем,
Бәрін білем,
Бірақ білмен өзімнің әлімді мен…
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *