Азамат едің тәп-тәуір

Азамат едің тәп-тәуір,
Барасың болып жат бауыр,
Жалт беріп, сырғып кеткенің
Жаныма менің батты ауыр.

Айрылып достан жаны ізгі,
Ауырлық басты, сеземін.
Адасқан құлын тәрізді,
Апыр-ау, қайтіп төземін?

Көңілге салдық босқа кір,
Кіре алмай достық тыста жүр.
Қуатсыз қалған дос та бір,
Қанатсыз қалған құс та бір.

Бауырын бауыр қыя ма?
Табысайықшы қайтадан.
Қос апа бір-ақ ұяда,
Балапан едік шайқаған.

Азамат едің тәп-тәуір,
Барасың болып жат бауыр.
Толғанып кел де, тап бауыр,
Томсарып жүрер шақ па бұл!..
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *