ҚҰЗДА

 

— Үш жыл өтті, бас ием, тұтқындадың,
Өміріңнен еш дерек ұқтырмадың.
Бөлтіріктей бағасың бейбағыңды,
Ұрлап әкеп жазықсыз жұрттың малын.

— Жап аузынды! — деп Құрман шатынады.
Қатын деген пенденің ақымағы…
Сабыр, сабыр, жарқыным, қаласаң, жұт,
Сен — бір атан, мен — шөлдің жапырағы.

Жалмарсың да жұтарсың, тұрыппын ғой,
Жас күнімді кәрі еттің, суыттың бой…
Тағдыр қосқан тәңірім емес пе едің,
Адамша тілдесуді ұмыттың ғой.

Жалтармаймын, жарқыным, жалақтама,
Көретінім сені мен ала ат қана.
Мен де өзіңдей адамның баласымын,
Теңгермейсің көлдегі шабаққа да.

Елің бар ма, әміршім, елің қайда?
Ел-жұртың, дос-бауырың, теңіңді ойла.
Қашаңғы қарақшы боп күнелтеміз,
Адамша күн кешейік, белің байла!

— Сендей заржақ көрсемші бұл жасымда,
Апырай, іштен оқып туғансың ба?!
Сәби керек! Тек сонда жөн түзеймін,
Тумаған тұл қатын да ұрғашы ма?!

Нөсері жоқ дауылдай бұрқанасың…
Перзент керек және де ұл табасың!
Тағдырымды тау-таста қуалаған
Атам қазақ менен де ұрпақ алсын!

Елім шетін көремін қай бетіммен,
Жапа шегем, жан күтем айла етумен. …
Ақ патшаның ордасы опат болып,
Бұ күні шаруа күйреп, бай кетілген.

Осы еді сенен бүккен сырым ғана,
Босуда елің Қытайға, Қырымға да,
Аңысын аңдиық та, күн кешейік,
Сөзіңді маған енді шығындама.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *