ТҮНГІ ЖОЛДА

 

— Сәтті болсын сапарың,
Тез орал қайта, сарғайтпа!
— Деп айтып менің жан жарым,
Жабырқап қарап тұрды артта.
Жол қатқыл, күздің түні еді,
Арба да даяр, жегілді.
Жалыққан күннің бірі еді,
Уайым басқан көңілді.
Ауыр арба, арық ат,
Шықыр-шықыр етеді.
Қиялдың құсы жалығады,
Көзім де қалғып кетеді.
Мазақтап, әлек қылғандай,
Аспанның әне жұлдызы.
Қиялы қарап тұрғандай,
Секілді жарым қырмызы.
Көңілсіз, үнсіз келемін,
Қалғып, кейде жығылып.
Жасқанған айды көремін,
Бұлтқа тұрған тығылып.
Ұйқыға кеткен кең дала,
Шығарып самал тынысын.
Келемін жортып мен ғана,
Кетіріп түннің тынышын.
Түн самалы азынап,
Сергітіп мені оятар.
Шыда, шыда азырақ!
Жарқ етіп қазір таң атар!

31.Х.1949 ж., Нарынқол.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *