Болар-болмас желбіреп боз жалауы,
Шың басында бір нүкте қозғалады.
Талма түсте талаурап өртенген Күн
Сексеуілдің шоғындай қозданады.
Өшіріп, өмір дейтін шырай қалып,
Бас имекші өлімге құлай барып.
Тау тағысы пендені күзеткендей,
Төбесінен төнеді шыр айналып.
Құз жартастың құлама қиясында,
Балапандар шулайды ұясында.
Шыныменен, ей, Жамал, мына өмірді
Ажалдың ақымына қиясың ба?!
Қарашы жан-жағыңа ғажап қандай,
Бар тірлік саған қарап наз атқандай.
Тыйыл мынау ойыңнан, тиянақ тап,
Албастыға-ажалға мазақ болмай.
Қарашы анау масаты сай-саланы,
Саған қарап күнәсіз жайқалады.
Саған арнап, ей, Жамал, сезесің бе?
Сан рет бұлбұл әнін қайталады.
Қара орманға қарашы қалғып тұрған,
Қайрымдылық күтеді барлық қырдан.
Сінлің-бұлақ әнеки, жылай-жылай
Сынғыр үнін сылқ үзіп, қарлықтырған.
Болар-болмас желбіреп боз жалауы,
Шың басында бір елім қозданады.
Шың басында, Ананың құрсағында,
Басталмаған бір өмір қозғалады.
Бір өмір тұр құрсақта оянғалы,
(Опат болды Жамалдың ой-арманы).
Құшағына құз қанша тартқанымен,
Екі бірдей өмірді жоя алмады.
Ақ кебінін ажалдың жамылмады,
Ақ шырағы өлімнің жағылмады.
Қайта оралып ғайыптан ғазиз Ана
Жатағына келді де дамылдады.
Құрман отыр, отыр ол сесі биік,
Құрап отыр жас талдан бесік иіп.
-Жарқыным, неменеге тұнжырайсың?
Ұрыдан ұрпақ қалса, несі күйік?!
Несіне түнересің, аһ ұрасың?!
Түнерме, тұңғиыққа батырасың.
Қиядан қыранымды ұшырмасам,
Қара жер қарс айрылып қақырасын!
Несіне түнересің, аһ ұрасың?!
— Белгілі енді сенен айнымасым,
Ей,батыр, қашан маған қайрыласың?
Енді маған ел шетін көрсетпесең,
Менен де, сәбиден де айрыласың.
Қарама ондай кейіппен ұнатпаған,
Ит емен босағаңда шуақтаған.
Иесіз таудың елігі емеспін ғой,
Кез келген жыраларда лақтаған.
Ғашық етіп ғаламды келбетіне,
Жаз жамырап болған кез жер бетіне.
Аспанның астындағы алып бесік
Асқар тау абдырап тұр тербетіле.
Жалаң аяқ самал жүр сай-салада,
Шыңылдаған шыңдар бір қайсар аға.
Бұлдыраған бұлақтар — бұйығы іні,
Жасыл өңір, жалпақ жаз — жайсаң Ана.
Бұл аймақтан күн нұрын аямайды,
Сағым болып желпиді, аялайды.
Жер бетінде тыныштық болса егер,
Осынау тауға келіп саялайды.
Шыңдарында найзағай дамылдаған,
Құздарыңда қорқыныш мамырлаған.
Талма түсте тау ару ұйқыдағы,
Боз көрпесін бойына жамылмаған.
…Талма түс…
Тастөбеге күн шығады,
Тар үңгірде әлдекім тұншығады.
Ет жүрегін Құрманның езіп ұстап,
Арын келіп әлдене шымшылады.
Ол үңгірге беттейді, бата алмайды,
— Әрі кет! — деп ары оны бақандайды.
Берекесін қашырған берместердің
Берен-мылтық, мінеки, от алмайды.
Құрақ ұшып Құрман тұр, елеңдейді,
Құлын даусы Жамалдың бебеулейді.
Ол өмірден түскен бір пенде еді ғой,
Пенде еді ғой… Апырау, неге өлмейді?!
Ғазиз Жамал құлындай шыңғырады,
Құз шатынап, талықсып, шың жылады.
Бебеулеген бейбақтың беймаза үні
Тас жігерін Құрманның құм қылады.
Бір түседі атынан, бір мінеді,
(Не сыйлайды тағдыры, кім біледі?!)
Тайыншадай теңселіп тентек болғаң,
Телміреді, бір сәтке ділгіреді.
Бір дел-салдық басып тұр тау-алыпты,
Бар тыныштық осында қамалыпты.
Құжыр-құжыр жартастар ұмсынады,
Ұғатындай ұлы бір жаңалықты.
Самал да жоқ сайдағы сыбырлаған,
Қалт кідірді құрақ та қыбырлаған.
Құздан құзға сол сәтте жаңғырығып,
Үні шықты сәбидің шырылдаған.
Таң-тамаша табиғат аңырады,
Таң-тамаша таудың да тағылары,
Құрбысының үніне құлақ асып
Қуанып тұр арқардың ақ лағы.
“Иә, алла, көрдім бе, көрмедім бе?!
Иә тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!
Шырылдаған үніңнен айналайын,
Шыныменен өмірге келгенің бе?!
Қызым болсаң, қырымда құралайсың,
Ұлым болсаң, ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,
Менен неге сүйінші сұрамайсың?!
Қызым болса, қырмызы қызғалдағым,
Ұлым болса, түнекті бұзған жалын.
Бақытыңды осы бір, ей, дүние,
Қи маған, қырын қарап қызғанбағын!”
Шарасында шатынап, көзі жайнап,
Көңілінде дауыл тұр, сезім ойнап.
Алақанға арманын алды дағы,
Өзі кесті кіндігін, өзі байлап.
Жаба қойып бетіне орамалды,
Жамал тынды, тым-тырыс бола қалды.
Құрман жалғыз жейдесін дар айырып,
Қуанышын құндақтап орап алды.
“Қашан менің тағдырым тыным көрді,
Қан қақсатқан бөрі едім рулы елді.
Ұрпағым бар, дүние, енді менің,
Естисің бе, ей, өмір, ұлым келді.
Жалғыз едім таста өскен шыршадайын,
Жабырқаушы ем дауылда сынса қайың.
Су боп кетпей неге тұр қос шырағым,
Ну боп кетпей неге тұр қу самайым?!
Жанарыңнан айналдым, жаным Жамал,
Жарым болып мәңгілік жанымда қал!
Келешегің, бақытың келді, міне,
Көгершінім, көтеріл, қабылдап ал!
Шолпаным боп шоқтанған таң атарда,
Ақ қанатты құсым бол алақанда.
Тәңірім бол табынып, бас иетін
Ұшып шығар ұя бол балапанға.
Жапырақсыз, бұтақсыз қу бас едім,
Жалғыздықпен жалғанда сырлас едім.
Ей, дүние, неге сен қуанбайсың,
Күйің келмей күйігіп тұр ма сенің?!”
Арқаңдаулы ала тұр шыбындаған,
Күйбең-күйбең Құрман жүр қыбырлаған.
Көкейінде бір ой жүр шымырлаған:
“Адам тек азап үшін туылмаған,
Өмір жоқ ең өзгертіп құбылмаған.
Өкінішпен өткерген сәттерім-ай,
Өмір, сенің өзіңнен құнымды алам!”
Алып келді ала атты арқандағы,
(Қабыл болсын қашанғы қарт арманы.)
Бердеңкесін соққылап қара тасқа,
Ұңғысын уатты да, талқаңдады.
“…Жанып барам, Жамалжан, жанып барам,
Қарақшы деп ат қойды халық маған.
Қарабет боп мәңгілік қалсам дағы,
Екеуіңді еліме алып барам!”
Солай бастап сезімі қаралы ерді,
(Қандай жаза болса да бара көрді)…
Құлазыған құзар тау бөркін бұлғап,
Қоқыс үңгір қоштасып қала берді.
Өз өмірін өткерген өгей Құрман
Өзге өмірді еліне ала келді.
“Қан қақсатқан кешегі рулы елді,
Мекендеген тау-тасты жырыңды еді.
Қаласаңдар қағыңдар, басым міне,
Есенбісің, ел-жұртым, ұрың келді…
Қандай менің аяйтын тағдырым бар,
Суға тастап иә отқа жандырыңдар.
Тек бір ғана тілегім, ағайындар,
Ұрпағымды артымда қалдырыңдар!
Алдыңда тұр, ағайын, қаңғыбасың,
Қаласаңдар, мінеки қанды басым.
Аманат қып аранда қалдырамын,
Жаңа өмірдің жазықсыз қарлығашын…”
Салтанат құрмағанмен салқында өсіп,
Алтын бесік ел іші, алтын бесік.
Жаңа өмірді біз осылай бастап едік,
Тентегімнің қылығын халқым кешіп.
Қалғамыз жоқ опық жеп, ойрандап оқ,
Бай да жоқ, басымызда байлау да жоқ.
Ел қатарлы күнелттік еркімізбен,
Егін салып, мал бағып, жайлауда боп.
Тәрік етіп бар күшін, бар амалын,
Орындады ол елінің қалағанын.
Қайта туған, өмірге қайта келген,
Жер қайыспай қайыспас қара нарым…
Мұқағали Мақатаев