Сай-саланы
Аймалады,
Жоталардан жел есті.
Көк қарағай
Көп баладай
Күбір-күбір кеңесті.
Қасқа бұлақ
Тастан құлап,
Бара жатыр шапқылап.
Шыңылдаған,
Сыбырлаған
Айқай тастар — саққұлақ.
Бір жүрекпен
Дір-дір еткен
Жасыл талдар, жас талдар.
Еміренген,
Тебіренген
Ақбас Ата — асқарлар.
Күннен — бөркі,
Гүлден — көркі,
Тау тамаша, тау алып.
Қатпар басын,
Шатқал, тасын
Көрген сайын жаңалық.
Айналаңа,
Сайға қара,
Шыңға қара ақ мандай.
Бала шағың,
Болашағың
Көктеп келе жатқандай.
Мұқағали Мақатаев