ТАУДА

Шоғыр тас, құлама құз төніп тұрған,
Қарағай басып иіп тағзым қылған.
Бар тіршілік қойнына паналаған,
Алып дене құралған ұзақ жылдан.

Мүлгіген ну орманы сыңсып жатты,
Долы өзені долдана жылап ақты.
Суық соққан самалға шың жартастар,
Кере төсеп кеудесін аймалатты.

Жотада арқар жортқан, елік ойнап,
Қара тас бітпегендей мәңгі ойлап.
Қанатын кесе сілтеп құстар да жүр,
Тамаша табиғаттың тойын тойлап.

Алып жота, асқар шың, ұлы кеуде,
Көз жібердім көлбеген кербез белге,
Тауда тұрып тамаша сырын ұғып,
Бет сүйгіздім азырақ самал желге.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *