Сағынып кеткенім-ай сол жылдарды


Сағынып кеткенім-ай сол жылдарды,
Саялап, қуат етіп мол жылдарды.
Қосымды егістікке қондырғам-ды,
Шық қарып, табанымды тон да ұрған-ды.
Сонда да сағынамын сол жылдарды,
Сабанның арасында орным қалды.

Кешкісін оранып ап ақ сабанға,
Жатушы ек бой берместей атса жауға.
Таңертен жылы орынды қия алмаушы ек,
«Тұр, тұрлап!» бригадир қақсағанда.

Қарыма қаршадайдан құрық та астым,
Масақтан дән айырып, тұлып бастым.
Қайғылы, қуанышты қайран күндер,
Қалай да мен сендерді ұмытпаспын!

Келді де соғыс деген ала шапқын,
Сайранын быт-шыт қылды бала шақтын…
Түтінін жұтпағанда жер ошақтың,
Тәттісін татпас та едім Болашақтың.

Сонда да сағынамын қайран күнді,
Сонда да жаным менің сайрап жүрді.
Қуантып жатушы еді майдан кімді…
Жылан боп, аждаһа боп түске кірді.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *