КӨҢІЛСІЗ КҮН



Күздің күні. Сұп-сұр бұлт,
Шытынып аспан тұнжырап.
Зәрлі боран тұрса ұлып,
Бар табиғат қыпжылад.

Боранмен бірге терезе
Үн шығарад сықырлап.
Қыс келді ме, немене,
Есік қағып: “Тұр-тұрлап!”

Жатып алды көсіліп,
Күннің көзін бұлт басып.
Суық боран есіріп,
Үрді де тұрды зәр шашып.

Қыс келді ме, япырмау!
Қарашы қардың ұшқынын!
Не ойлап тұрсың, батыр-ау,
Неге қашты ұсқының?

Терезеден қарайсың,
Қабағыңды түйініп.
Көзіңді неге қадайсың
Әлденеге күйініп?

Мұңаясың қарап тек,
Мұңайтқан сені немене?
Тоңдың ба әлде, інішек,
Суық тиіп денеңе?

Әлде, інішек, зарықтың ба?
Жағуға отын таба алмай.
Болмаса әбден жалықтың ба,
Су отынды жаға алмай?
Ешнәрсе жоқ тарынатын,
Қой, інішек, қапаланба!
Пеш жанына табынатын,
Аязды күн әлі алда.

20-21.Х. 1949 ж., Шибұт.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *