КҮЗГІ ТАҢ

 

Сары түн, айлы аспан, суық ызғар,
Шық тұрған жер бетінде дымқыл сыз бар.
Суық соққан самалдан сәл сескеніп,
Тоңазып, тітіркеніп денең мұздар.

Түріліп түн көрпесі қойнын ашқан,
Әлемді маужыратып ұйқы басқан.
Күздің сары түнінің суығы өтіп,
Мыңқ етпей маңтөбеттер құты қашқан.

Тым-тырыс. Жұлдыз бенен тек көкте ай,
Олар да телміруден жалыққандай.
Тұрсаң егер күзетте міндетті боп,
Дер едің: “Мына түннің ұзағын-ай!”

Кезім ед Нарынқолға баратұғын,
Тәтті ұйқыдан амалсыз жаңа тұрдым.
Сескеніп күзгі түннің суығынан,
Телміре күтіп тұр ем таң атуын.

Шығыс жақтан бозалаң беріп ірең,
Баяу ғана түріліп қара кілем.
Сімірлеп, бірте-бірте көтеріліп,
Айнала боп барады ала күрең.

Ақ басты кәрия таужатты сұлап,
Ақ басып таң лебі өтті сылап.
Аймалап ала күрең болмап еді,
Күңірене бастады ұйқысырап.

Оянды ұйқысынан құмарлана,
Шырылдап емшек іздеп сәби бала.
Емізіп нәрестесін төсіне ала,
Оянды ұйқысынан мейірімді ана.

Күн күлді, ай ұялып бетін басты,
Жымыңдасып жұлдыздар тұра қашты.
“Шашуым, міне, менің бүгінге!” — деп,
Күн сұлу жарқ еткізіп нұрын шашты.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *