ЖҮРЕК НЕГЕ ЗАТ БОЛЫП ЖАРАЛМАҒАН?

Қарғам менің!
Қарғам менің!
Аласарып барады арман-көгім.
Жалған десе, дүние жалған ба едің?!
Жараланған көңілім дал-дал менің.

Қауырсын ең үзілген қанатымнан,
Жанарымнан шуақ ең таратылған.
Қара басқа орнатып қара тұман,
Қайғым болдың ойымда дара тұрған.

Күйзел жан, күнірен жан, күнә басып,
Айығар сәтін сенін, сірә, қашық.
Жабығып жарығында бұл жалғанның,
Бір түйір қаным менің жүр адасып…

Мен жүрмін бақыт қуып, даңқ қуып,
Сайрандаған боламын сауық құрып.
Кінәсі жоқ қарғамды жабықтырып,
Жолай алмай құрыдым танып тұрып…

Карғам, сені жайым жоқ кем көретін,
Бимағұлым тағдырың сен көретін.
Зат боп неге жүрегім жаралмаған?!
Қарғаларым, сендерге тең бөлетін…
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *