ЖҮРЕККЕ НӘЗІК ТІЛ БІТТІ

 

Шыр етіп шығып анадан,
Іңгәлап біраз жаттым тек.
Кешікпей анам мені алған:
“Бақытты бол, жаным!”, — деп,

Қос бұлақ ағып төсінен,
Аузыма келді тәтті сүт.
Сол сүтті еміп өсіп ем,
Жетектеп бақыт, зор үміт.

Әліппе оқып “а”, “б” — деп,
Түйінін шештім тілімнің.
Сәби жүрек лүпілдеп,
Сағаты соқты білімнің.

Еліктеп шаттық заманға,
Мектепте оқып ер жеттім.
Еркелеткен заманда,
Еркіммен жырлай бермекпін.

Он сегізге толды жасым,
Болдым мен де комсомол.
Бақытқа неге апармасын.
Ұлы Ленин салған жол.

Бақыттың биік асқарына,
Ұлы Ленин бастап барады.
Жазылып өмір дастанына,
Өшпейтін орын алады.

Туғанда алғаш анадан,
Келешек бақыт күн күтті.
Шешіліп сөйлеп жаңадан,
Жүрекке нәзік тіл бітті.

Жүректен шыққан тұпық жыр –
Бүршіктенген жаңа гүл.
Түйдектеп талай шындық сыр,
Жаттықпақ әлі нәзік тіл.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *