Бай өлкенің ойынан, тау-тасынан
Біздер де арамыз ғой бал тасыған.
Шырын құйып жатамыз жүректерге,
Шымшып алып гүлдердің арқасынан.
Біз деген гүл қуалап, нәр іздейміз,
Шөп қажап шегірткедей дән үзбейміз.
Алты айшылық жол басып, арып-ашып,
Адам деген патшаға дәрі іздейміз.
Балға қоса, біздіҢ де уымыз бар,
Ұғыңыздар,
Гүл алып шығыңыздар,
Жабыла кеп жармасқан маса ғұрлы
Жабыла кеп талайтын жынымыз бар.
Ұямыз бар біздің де — омартамыз,
Алмағайып бүлінсе сол ортамыз,
Басымызды бәйгеге тігеміз де,
Көзімізді біржола жоғалтамыз.
Мықты болсан, ақын боп жаралып көр,
Қолқасынан гүлдердің нәр алып бер.
Ғұмыр бойы жол басып, арып-ашып,
Адам деген патшаға дәрі алып кел!
Мұқағали Мақатаев