АПАЙ, КҮЗ, ТЫРНАЛАР

 

Соноу,
соноу кездерде суға барған,
Шөрегейлер ұшатын жылғалардан.
Мұңлы күздің әуенін еститінбіз
Жылы жаққа аттанған тырналардан.

Қарайтынбыз қанатты керуенге,
Қарасуда жүргенде серуендеп.
…Мұғалима назары қара жолда,
Алыс кеткен жолаушы көрінер деп.

Жалғыз өзі бір түспей жар басынан,
Көз ұшында көз алмай арбашыдан,
Айналайын, күтер де тұрар еді
Бейтаныс жан өткенше дәл қасынан.

Уақытын құры-босқа шығындайтын,
Бейтаныс жан ететін, бұрылмайтын.
Бір бозторғай көдеден көтеріліп,
Көз алдында апайдың шырылдайтын.

Шырылы да торғайдың тынар еді,
Жар басында жалғыз жан тұрар еді.
Керуеннен қап қойған жалғыз тырна:
— Ораламыз, шыдай түс, шыда! – деді


Және қайтып барасындар, тырналар,
Ұзатып сап, уайымдап қыр қалар.
Құрық мойын, ұзын сирақ мырзалар
Арттарында жылап жатыр жылғалар.

Тізбектеліп барасындар қай жаққа,
Сенсіз сән жоқ, мынау өлке, аймақта.
Жылап келіп жыл құстары табысып,
Мауықтары басылғасын таймақ па?

Нөсерлетіп кеше сендер келгенде
Мынау өлке той жасаған сендерге.
Міне, бүгін қарсақ жортып барады
Сендер жүрген дөндер менен белдерде.

Қайда кетіп барасындар, қай манға,
Солдаттардай сап түзеген майданға?
Еркін құстар жаратылған сайранға,
Еріктісін, сайрандар, сайранда!

Жолын болсын, жолың болсын, керуен,
Еркін көшкен жерімен де көгімен!
Тек біздерде қанат жоқ қой, жоқ қанат,
Бірге көшіп кетер едік сенімен.

Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *