Түсінбеймін, қашан сенің ақ сүтің
Ақталады, менен күткен үмітің…
Аяулы анам, қасіретті, шерлі анам,
Тұл тұрмыстың торы сені шырмаған!
Тілегіңе жетемін деп көздеген,
Тентімеген жерің бар ма, кезбеген?
Ғазиз анам, мейрімді анам, мен деген,
Бақыт дәмін тата алмай бір шөлдеген.
Жанарыңдай үміт етіп аңсаған,
Жақсылықтан не көрсеттім мен саған.
Ақтай алмай сенің төккен теріңді,
Арқалаттым күйігім мен шерімді.
Көрген сайын самайыңнан ағыңды,
Жасырып ой жей береді жанымды.
Көзім түссе мандайыңның сайына,
“Сорлы” деген сөз келеді ойыма…
Жоқ, Анажан! Сені мұндай қорлыққа
Тастамаспын, ап шығармын жарыққа!
(Сүтіңменен бірге сіңген санама…)
Ақ сүтіңнен адал қаным садаға!
Сенгін, ана! Сенгін, ана, балаңа!
Ақ үмітің текке кетпес далаға!
Аяулы анам, асыл анам, мен деген,
Өтті-ау өмірің қасіретпен, шерменен.
Сенсің, апам, бақытым да, барым да!
Тастамаспын сені от пен жалынға!
Мұқағали Мақатаев