Буырқанып жататын құлап ағын,
қайда кеткен өзені бүл араның?
өзен емес, көресің ылғи мұнда
мұнаралары қаптаған қыр алабын.
“өзен” депті бабалар бұл аймақты,
Арман қылып айтты ма — кім ойлапты…
Тамшы суға зар болып тілесе де,
өзен, көлін қимаған құдай қатты.
Бүгін мұнда шырақтар тұр алаулап,
қимастықпен кетіпті құлан аулақ…
Жатыр сұлық боз дала, байтақ дала
көкірегінде көк сүмбіл бұлақ аунап.
ұмыт, далам, тымырсық тынышты енді:
сан-саладан сені іздеп “туыс” келді,
дүбірлетер төсіңде әлі талай
ұрпақ аңыз қылғандай ұлы істерді!
Табиғатты күш қылса тыңдатар үн,
адамзатты, ей, ақын, жырла, табын!
Бой түзеп тұр қыз кеуде шынар қала,
ортасынан қақ жарып құм жотаның!
Арман қылған бабалар күрсініп мың —
дала төсі бағындай гүл шыбықтың.
Шамшырақтар қаласы — өзен бүгін
тынысындай тынбайтын тіршіліктің!
Фариза Оңғарсынова