Шырқайын – сазды сырнай досым қайда?!
Әндетсем, қыз-бозбала қосылмай ма?!
Думанның бозбаласыз қызығы жоқ –
өртейін, өртенейін осындайда!
Бозбала, қосыл әнге, жалында шын,
түнді – таң, жүректерді ән ұрласын!
Тербелсін алтыбақан ай астында,
жоғалсын ақсүйектер, табылмасын!
Жүрекке жалын құйып көзқарасым,
Сырнай саз сұлу үнім сорғаласын!
өнердің өзім білген арқасында
үш жүздің ғашық еттім бозбаласын!
Майраның сауық-сайран жүрген жері,
шабытты әндерімен мұңды емдеді.
Сырнай мен домбыраның үні шықса,
жүрегін бозбаланың жыр кернеді.
Қалқысын шаттық көңіл аспанымда,
ән барда сылтауың жоқ басқа мұңға!
Ән – арман, ғашық – арман, қыз-бозбала,
шырқап қал, шарықтап қал жас шағыңда!
Фариза Оңғарсынова