Үкің-бұлт, найзатасың көкке тиген,
Аймалап ақ басыңды бұлт сүйген.
Аспанның дауылпазы долы борап,
Көркіңді күндегендей тұман үйген.
Отырмын үстінде мен найзатастың,
Жасырып жан сырымның мұңын аштым.
Шибұт, сенің шыңында жас жүректің,
Арманын терең ойлап, мауқым бастым.
Отырмын, ой тұманы шытырманды,
Басымды бейуақыт қоршап алды.
Туылған тұл тұрмыстан әлсіз шабыт,
Азырақ әлдиледі сәби жанды.
Тигендей төбем тұнық бұлтты көкке,
Көрінед көлденең бел сонау шетте.
Солдаттай сапқа тұрған қарағайлар,
Мелшиіп қара тастар жатыр текке.
Төменде мұз астында ерке бұлак,
Тұншыға деміп алып жатыр жылап.
Тыпыршып, тыншыға алмай нәзік толқын,
Сылқ етіп тілсіз тасқа төсін ұрад.
Көрінед көлбеп жатқан сонау жалдан,
Ақ бурыл қарағайлар қырау шалған.
Бұл күні еркін жатқан тау деңгейін,
Ақша қар ақ көрпемен қымтап алған.
Көрінед көз ұшында көмескі Іле,
Жыландай жылжып барад иіріле.
Қаңғырып қияда жүр ақсақ елік,
Адасып қосыла алмай үйіріне.
Отырмын басымда — бұлт, астымда — тас,
Айланды ұршықтайын бір ғазиз бас.
Қайғылы қара көзден шыңырауға,
Мөлт етіп бұршақтайын төгілді жас.
Мұқағали Мақатаев