Мен сенсіз өмірімді
елестете алмаймын мүлде, мүлде!
Екеумізде таң мен түс, түн де бірге.
Жүрек сырын шертуді басқа адаммен
өңім түгілі, ойлауға жасқанам мен!
Бұл өмірде
жалғыз жүру құлазып — жаза жанға,
аузын ашып тұрғандай ажал алда.
Шақырмайды әуендер тымық таңға –
сенсіз жерде ән, бақыт, қызық бар ма!
Махаббатым —
мөлдір әуен, сұлу саз көктемдерім,
көктемдерім — өзіңнің өбкен демің!
Тірлік әні — нұры боп көрінсе Күн,
жүрегімнің жалқы әні — өзің сенің!
Мен мынау дүниенің
келем кешіп өзіңмен асуларын,
асулардан қиналсаң, қасыңдамын.
Жүрегінен жырлайды ғашық жаным
махаббаттың мәуелі жасыл бағын!
Фариза Оңғарсынова