Шынымен болып жүрсе жаның ғашық,
сен маған жалынбашы,табынбашы.
Ер мінезді жігітті ұнатады осы бір қарындасың.
Сен менің жүрмеші әсте “құлым” болып,
(кей әйел “жақсы көрер” ерлері жағынғасын,
менің мұндай аурудан жаным қашық).
Онсыз да өзіңсің ғой барым асыл,
онсыз да өзің менің қанымдасың,
жанымдасың.
Ешқашан саған деген ақ жанымды
қалмайды сағым басып.
Орынсыз маған, жаным, иілмеші —
ер жігітке лайық мұның несі!
Және де керек емес жиі әкелген
сый-сауқат, киім-кешек!
Менің ең жек көрерім—жасандылық,
сүйерім —ащы шындық.
Тұрса-дағы ол
көзіме бейуақытта жас алдырып.
Қалдырма тілегімді
тасаңда ұмыт.
Әдемі сөздер айтпа
есілдіріп,
кінәң болса, жүресің несінбүгіп:
тек шындықпен кел-дағы — кешірім күт!
Жағынба сен!
жүректің жалынымен
сүйгізе алмағанның несі жігіт!
Сен маған әзіл айтып күлемісің,
жанымда қамқоршым боп жүремісің,
сағынып алыс жолдан келемісің —
алғашқы ардай таза тілек үшін
тек шын болсын әр ісің—керегі сол.
Сонда мен шын мәнінде серігіңмін,
сонда мен сіздің үйдің келінімін.
Сонда мен жайсаң көлдің жағасымын,
өзіңдік сонда менің бар асылым!
Фариза Оңғарсынова