Үбәйда Смағұловаға
«Еске ала ма аялы сәттің бәрін,
қия алмай ма айдындай шат құндағын —
мен байқаймын балапан жанарлардан
мөлдір шықтар тамуға шақ тұрғанын.
Сіз осы сәт ұқсайсыз айдынкөлге
ұшырған аққуларын.
Айдынкөлдің бетіне асылды Күн,
мейірімді жанардың шашып нұрын
қуана ма әлде сәл мұңая ма –
ұзатқандай жастығын — жасыл күнін,
бір діріл бар, әйтеуір… Кеткендей ме
өзгеріп ғасыр бүгін.
Артта қалып бал құндақ жер кешегі,
балапандар құз асып, сең кешеді.
Жандарында Сіз жоқсыз, олар енді
өмірменен жекпе-жек белдеседі.
Тірлік осы—
атады жаңа таңдар,
жаңа таңдар — алмасқан алақандар…
өмір деген биікке дара самғар,
бірақ ертең аққу боп айдынына
оралар балапандар !….
Фариза Оңғарсынова