Бекзада Оразбековаға
«“Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында…”
Қалып койды-ау осы бір ән жанымда.
Менің қарлы көңіліме көктем берген,
аяулылар, қол бұлғап қалғаның ба?
Мұң — назымды арманмен жалғадым да,
Алатауға қайтадан самғадым ба,
шуақ — сезім жанымды жадыратып,
шырқап келем әйтеуір таңдарыма.
Мөлдір су боп Ақкөлге жетті ме әнім
ақ ниеттен елжіреп кетті жаным.
Кейде көңіл құлазып, кеудем қысса,
тартсам ба екен Таласқа деп тұрамын.
Мәңгі тастап кеткендей санамды арман
сезінгенде, сенделіп саған барғам…
Жараланған жаныма нәр алғанмын
бәрін ұғып тұратын жанарлардан.
Құшак жайып анадай сағым белім,
желпіп өтті жанымның шаңын желің.
Су сағынған даладай сусай берді
ыкыласқа шөлдеген жаным менің.
Мына ортада жүрек — күн, жаны – сырнай
шыдарсың ба кеудеден ән ұшырмай!
Кемпір-шал да білетін ата-анаңды
бала күнгі бейкүнә танысыңдай.
Қалмағандай көңілде бір күдік те,
жаның қайта талпынып нұрлы үмітке…
жүрегімді шашу ғып шашсам ба екен
жатқа соққан жырымды кыз-жігітке!
ұмыттым да кей жанның күңкіл лебін,
тылсым құшақ таулардың дүмпулерін,
менен биік жан жоқтай бұл ғаламда,
жұлдыздардыжаңғыртты күлкім менің.
Тұңғиыққа кеткендей батып әлем,
тірлік демін жүргенмін татып әрең,
қайғырғаным…
осындай елім барда —
күйгелек ем, не деген ақымақ ем!..
Күйіп-пісіп қалса егер тағы жаным,
Талас жақты еске алам, сағынамын.
Талықсытсын тіршілік. Мен білемін
жампоз жандар жанымнан табыларын!
Фариза Оңғарсынова