Сағынып оралар ма ем
алыс жолдан жеткенше асық болып,
сен бар-ау деп шаттықтан тасып-толып,
дүниеде көзіне басқаны ілмей,
тек анасын ойлайтын жас сәбидей
мен де сенің кеудеңді аңсамасам,
сен де мені күтуден шаршамасаң,
құшағыңа алғанша тынышталмай,
кездескенде жанардан мұң ұшқандай
ес шығып кетер бізде,
қуаныштан мәз болып екеуміз де,
бар сезімді көздерден байқағандай
отырмасақ,
айтарға сөз таба алмай,
сағынып оралар ма ем,
жиһан кезе бермес пе ем онан әрмен.
Жарқылдап жүрер ме едім
арман-нұрға тоғытып жылдарымды,
болмаса егер көк жарған шыңдар үлгі;
мөлдірлікті алмасам бұлақтардан,
аярланбай, аңқылдап сыр ақтарған,
теңіздердің тұңғиық тереңдігін,
тереңдіктің арқалар кемел жүгін,
жазыктықтың көз жетпес шалқарлығын
(шалқар жерде болады дарқан бір үн) —
сен құймасаң қаныма мұның бәрін,
сіңірмесең халқымның жырын, нәрін,
жарқылдап жүрер ме едім,
сезінбес ем ешқашан жігер желін.
О, туған ел,
мен өзіңсіз қанатсыз, тұғырсызбын,
сен болмасаң сөнемін — ғұмырсызбын;
маған — сенің сезімің қуат, серік,
саған — менің сезімім шуақ беріп,
демімізден мөп-мөлдір нұрды жұтып,
тірліктегі азап пен мұңды ұмытып,
қос махаббат алауы жер үстінде
бұрқасынды өмірді тұр жылытып.
Фариза Оңғарсынова