МАХАББАТ МОЛАСЫ

 

Аяқтап болып,
Махаббат дейтін сапарды,
Қозы мен Баян моласы, міне, атанды.
Қалауын қанша тапқаныменен, қара тас,
Қайырымсыз ата Қарабайдайын қатал-ды.
Басына бардым,
қасында тұрмын солардың,
(Қозыдай маңырап,
сүймеген, сірә, болармын…)
Егіз жүректі екіге бөліп мола тұр,
Тұмсығы үшкіл қанжарындай-ақ
Қодардың.

Төрт жанардың да
тауысып түгел көлдерін,
Төрт бұлақтарынан
төге де жүріп селдерін.
Ескерткіш етіп,
қос Ана тастап кеткен бе?!
Аялап жатқан Аякөз сынды белбеуін.
Жол түсіп, ұрпақ,
Таңсықка барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе
күмбезге сонау көрінген.
Қазақтың осынау
қасқайып тұрған төрінде,
Бабаларыңның
махаббаттары көмілген…
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *