МАЙ — МАХАББАТ

Май — Махаббат.
Аспанда да, жерде де,
Айдын шалқар көлде де,
Жатқан сонау көлденең
Асқар-тауда, белде де
Ынтызарлық кернеген,
Махаббат жүр шөлдеген.

Май — Махаббат.
Жерге ғашық сұр аспан,
Жер де ғашық, жете алмай,
Екі ғашық жыласқан,
Қосылысып кете алмай,
Кедергіден өте алмай.

Май — Махаббат.
Адамдар да, андар да,
Шыбықтар да, талдар да,
Жәндіктер де, малдар да
Ғашық болып қалған ба?!
Малынады арманға,
Махаббат жүр орманда,
Махаббат жүр тауларда.
Бірін-бірі іздеген
Ғашықтар жүр жалғанда.

Жеңгетай Май жел беріп,
Желпінтеді бәрін де —
Кәрісін де, жасын да…
Махаббатқа зәру ме
Мына дүние, расында?!

Май — Махаббат.
Жайнасын
Араша боп ар, мұңға!
Ей, ғашықтар, қайдасың?
Махаббатың бар мұнда.
Тағзым ет те, и басың
Май айының алдында.

Жүректерге от тасып,
Май — Махаббат,
Бағала!
Бір-біріне боп ғашық
Өтсін біздің замана!
Өзді-өзімен оттасып,
Өшіккендер соттасып,
Мал боп кетсін, оттасын!
Махаббаттан садаға!
Май айынан садаға!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *