Жүрегім — гүл
сәулелі таңды құшқан.
Бұл күндері шалқар бір теңіздеймін.
Көп жандардың ішінен, әр бұрыштан
шыға келмес пе екен деп сені іздеймін.
Сені іздеймін,
(мен шағала, сен әлде шалқармысың?)
еш нәрсеге жанарым тұрақтамай.
Сенің мынау байқатпай тартар күшің
мені ылғи да осылай шыдатпағай.
Шыдатпағай,
шыр айналып ұшатын шағаладай.
Шашырасын бақыттың нұры өңімнен.
Сен жүргенде шалқиды дала қалай,
көрмегендей өгейлік бұл өмірден.
Бұл өмірден
өтейін сені іздеумен,
шыбын құрлы көрінбей белес-белі.
Қазір менің дауылды теңіз кеудем
сені көрмей тыншитын емес, тегі.
Фариза Оңғарсынова