«(қарт солдаттың ойы)
Жарау күндер зулайды, оралмайды,
дамыл көрмей самғау да оған жайлы.
Жастық шақты от жылдар алып қашты,
жете алмадық, ұрттадық содан қайғы.
Жеткізбейді мезгіл-жел дара шалқып
(қол жетпеген нәрсенің бағасы артық),
төбешіктен жасайды қия шыңды,
құз, тауларды мүжиді аласартып.
өктемдікке құштар бұл дарқан уақыт,
тарихқа да қояр жүк арқалатып.
Балапанды самғатар қияларға,
қарт қыранның жанарын қанталатып.
Заңы да бар мезгілдің сынар тағы,
жылатып ап, сәбише қуантары.
Бір кез айдын шалқыған ну даланы
көрмегендей тамшы су қуартады.
өмірде ылғи жүрмейсің бақта күліп,
не сайрандап алаңсыз атқа мініп.
Тасып кетсең, менменшіл уақыт деген
ес жиғызып алады жақтан ұрып.
Екпініне сені де орап алып,
уақыт өзі шыңдауы, соғары анық.
Сонда уақыттың тезіне төзе алмасаң,
мұрттай ұшып қаласың домаланып.
Жүгіресің тағы алға ұшып тұрып,
жұлқынғандай бір дүлей күш ықтырып.
Сен қарайсың ызамен, таңданумен
сүрінбейтін жандарға мысық қылық.
Тірлік-мұхит жатады шалқып ағып,
сүйрелейді — мейлің сен қалтыра, бұқ.
Шапқылайсың сонан соң бұл өмірдің
қызығын да, қайғысын қарпып алып.
Жығыласың, жылайсың, ысыласың,
қуанасың, күлесің, тұшынасың.
Қайта оралмас жастықтың бұла құсын
қимастықпен қиналып ұшырасың.
Солай өктем уақыттың пысы басым.
Минуттардың қадірін сонда ұғынып,
тез-ақ өткізгеніңе қысыласың,
тағы аңсайсың көктемді, бұла шақты
(жастық кетсе — көңілдің қысы басым).
Айлы кеште албырап ән-сағымға
сүйе алмадық қыздарды бал шағында.
Жүрек, шіркін, сыздайсың, тұншығасың
қасіретте қан кешіп шаршадың ба.
Уақыт жүйрік. Ол рас. Заңды бұ да,
бірақ, жүрек, таста сен зарды мына:
біз жастықты ұлы іске арнағанбыз
ұрпақтардың, халықтың тағдырына.
Фариза Оңғарсынова