Сарала қаздар саздағы,
Сардала — сағым,
Маздады.
Бүлкілдеп жүзген үйректер,
Қанқылдап ұшқан қаздары.
Бала да, қарт та мәз — бәрі,
Ауылдың қайран жаздары!
Қаршыға тиіп кептерге,
Қанатын үзіп кеткенде,
Қалқып бір ұшқан найзадай,
Тырналар ұшып өткенде,
Саршаның күні жеткенде,
Үркітуші едік қуалап,
Жайылып жүрсе дуадақ,
Адырда, қырда, бөктерде.
Өрісте қозы шулаған.
Сусындап тұнық тұнбадан,
Тай-құлын жүрсе тулаған,
Бұралып жап-жас келіншек,
Су алып жатса жылғадан,
Тіршілік бір сәт тынбаған,
Ғажап қой, ғажап бұл далам!
Бір жерге байлап кіндігін,
Сағынып таулар бір-бірін,
Бұлттардан жаулық бұлғаған.
Қуантушы еді көктем кеп,
Көктем жоқ, жаз кеп өктем боп,
Жасытып бізді кеткен жоқ.
Жас жігіт — жазғы бидайдың
Сіп-сирек мұрты көкпеңбек.
Сипайды самал еппен кеп.
Қара су бойы талдарға,
Сайрауық құстар қонғанда,
Құбылтып әнге салғанда,
Тұп-тұнық, мөлдір бастаудан,
Сусының әбден қанғанда,
Жастығың қайта басталған,
Басталған басқа арман да…
Момақан ауыл бөктерде,
Арқасын тіреп тауларға.
(Алатын жау жоқ жалғанда!)
Сайлардан салқын есті жел.
Салбырап, баяу кеш кірер.
Сумұрындарын шақырған,
Әжелер даусы естілер.
…Осылай еді ескі ауыл,
Осылай еді ескі жер…
Мұқағали Мақатаев