Дарқан дала. Көлбеңдеп сағым қырдан,
жанарында от ойнап жалын нұрдан,
перзенттері жүреді дала десе,
еткісі кеп бойдағы барын құрбан.
Әйтеуір, бір мінез бар бұл далада
алды-артыңды ойлатпай табындырған.
Жігіттерін көрсең-ау –
арғымақ ат астында алшаңдаған,
тәуекелден алдына жан салмаған.
Адал ниет жандардың намысы үшін
бұйым емес от-жалын салсаң да оған.
Адамсынған жандарға асқақтығы –
“Құдай” өзі келсе де қарсы алмаған.
Шыбын құрлы оларға
дұшпанының ататын тас кесегі,
жауласса, оның хақ екен бас кесері!
Бір сенімін ақтасаң,
ғұмыр бойы
балап өтеді айнымас досқа сені.
Ел басына күн туса,
тоқтатпайды
оны жардың жас құшақ,
жас төсегі.
Отырмайды өлсе де,
жасқаншақтап жаныңның күйін бағып,
қарамайды жалтаңдап жиі ұрланып:
құшақтаса – табынып ару біткен
е демейді, кетсе де қиырға алып.
Бұл даланың от мінез жігіттері
сүйеді ылғи осылай күйіп-жанып!
Фариза Оңғарсынова