Болашақ ұрпақ, саған
көңілде сыр сақтағам,
сыр емес-ау, сұрақтар, шегіністер,
сендердегі жеңістер, жеңілістер,
өмір мен адам жайлы,
сезім мен заман жайлы
нәзік жыныс құштар ғой білуге әлі,
өр мінез боп кетпесе бүгін бәрі —
шақырамын сені ашық әңгімеге —
өлгенге үкім жүрмейді — ол заң біле ме?!
Жас ұрпақ, балғын ұлан!
Қандайсың өзің сенің?
Көп кешкен өмір селін,
мүмкін, қарау шығарсың салқын қанды,
жоққа теңеп адамзат даңқын мәңгі,
құбылысқа, адамға, өткендерге
тірлікке, көк пен Жерге
мүмкін, бізден басқаша қарарсың сен
(біздерге арман ақ көйлек — саған кіршең)
ақылменен ойланып, сынап, барлап,
тиімді ме — сонан соң бір-ақ таңдап —
жоқ! Кінәлы емессің сен ісіңе,
бұл — әлемдік дамудың жемісі де!
Мүмкін сен жауларға да —
талайға салған жара
немқұрайды қарарсың кешіріммен,
өзіңдік ой, өзіңдік шешіміңмен?
(Кетеді әлем қалай тез ізін салып,
әйтпесе біздің халық
қызу қанды, от мінез, наркескен-ді.
ойланбай қан кешкен-ді
қандай майдан болса да қылышты алып,
ойрандап ұрыс салып,
жауын жерге жаншымай тыншымаған,
ел мінезін жоғалтса — құрысын адам!)
Қасиетін халқының жоюға бар,
кетсе де ырза көгеріп мойыл жанар —
басқаға ұқсау қалай да — саналы ұғым,
заңы да осы еліктеу заманының.
Сен, әрине, заңдылық тұтқынында,
одан қорғай алмайды ықтының да.
үдетіп ел күдігін
барады жерді бүгін
ақылды да айлалы іскер қаптап
(табиғи күштерді аттап),
барлығында бір ғана бақыт, мұра —
билеу түгел әлемді, уақытты да!
Иә, иә! Уақытты, арманды да,
тіршілікті жалғайтын заңдарды да
бағындыру бір күшке, сезімді де…
Ойланатын, тірілер, кезің, міне!
Қарамайтын уақытқа, заманға да
табиғатта менмен күш — Адам ғана.
Дүниені түрлендіріп,
тұрардай күндер күліп,
Адам қайта жасайды барлығын да,
қайта бақыт сыйлайды сан ғұмырға.
Табиғат — тағдырындай
мәпелеп жалғыз ұлдай
берген саған тіршілік — еншіні анаң.
оны құртар жалғыз күш — сенсің, Адам!
Фариза Оңғарсынова