АЙХАЙ, ДАЛАМ

 

Аһ, далам, айхай, далам, сағым далам,
Бір бұдыр жоқ-ау көзге шалынбаған;
Аспан құлап кетсе де тарынбаған,
Бір ғаламат бойында сабыр бар-ау.
Аһ, далам, айхай, далам, сағым далам!
Төсінде атылмаған жанар таулар,
Вулканын тұншықтырып, дамылдаған.

Боз далам, күрең далам, жасыл далам,
Кісі емес саған келіп бас ұрмаған.
Құныға құшырым бір қанбай койды-ау,
Қалай ғана құшармын ғашық-далам?

Құшақтан шығармаспын деген едім,
Дәрменсіз ғып жараттын неге мені?
Өзіндей алып болып тумаған сон,
Адам болып жүрудің не керегі…

Сонда да сүйіп өтем, сүйіп өтем,
Сүйе тұра құша алмау — күйік екен.
Алыптан алып болып тумаған соң,
Адам болып жүру де қиын екен…


Туған жер сағындырды, келді есіме,
Өзім кепіл енді оны көрмесіме.
Тағыдай тауда өскен тарлан едім,
Таңылдым емхананың бөлмесіне.
Кім кепілдік береді өлмесіме!

О, дәурен неткен ғажап сүйікті еді!
Жайылған жасыл маңда киіктері.
Отырған оңашада, биіктегі,
Таңғы самал жататын сүйіп мені.

Ойнатып омырауда таң самалын,
Мен алғаш шыққан күнді карсы аламын.
Мәнгілік сол биікте калып коймай,
Несіне бұл тірлікті аңсағамын?!

Қасқа бұлақ, қасыннан неге кеттім?!
Не деген жел айдаған көбелекпін.
Еркіндік, еркелікті місе тұтпай,
Тасқа әкеп өзімді-өзім шегелеппін…

Пай, пай! Пай!
Сағындым-ау, сағындым-ау!
Талықсып, тар төсекке таңылдым-ау!
Қапыда қалтылдаған жаным мынау,
Жаратқан, нағылдым-ау, нағылдым-ау?!


Еш нәрсенің керегі жоқ!
Керегі жоқ, шаршадым!
Басымда ұйып тұрып алды әлемдегі бар сағым,
Өніп-өскен топырағыма апарындар,
Тастандар.
Тауларымды,
Қара суды, Қарасазды аңсадым.


Енді емделсем,
Туған жердің топырағымен емделем,
Ескек желмен ентігімді
Басқанымды жөн көрем.
Неге керек сән-салтанат, ию-қию, той-думан,

Таудың ерке тағысымын, тағысымын
Мен деген.
Тіптен маған керегі жок, керегі жоқ еш ненің.

Белгісіз-ақ болсын, мейлі, өткенім де өшкенім.
О, киелі шаңырағым!
Айналайын астанам,
Алдында егер айыбым мен күнәм болса,
Кеш менің!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *