Баянның бақтарында


Баянның бақтарында,
шың-кұзды шатқалында
ерке өскен жас маралмын
шомылып ақ сағымға.
Біле алмай шамаңды әлі,
бозбала, құлшынасың,
тұңғиық жанардағы
толқынға тұншығасың!
Мергендер — көз қадарым,
танытар жігітті айбын,
бос белбеу бозбаланың
оғын да жуытпаймын!
Садақпен тартар ма адам
даланың ерке елігін.
Мекенім — дарқан далам,
жарысар жел — серігім.
Мұң жұтар жай жағада
жалынсыз жасық адам.
Мен барда айналама
шаттық-нұр шашыраған.
Алдымнан жарқырасын
ақ сәуле арайларым.
Жанарым шарпымасын,
жігітім, абайлағын!
Фариза Оңғарсынова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *