«Малынып мұң-желімге
жырақта жүргенімде
тайғақ жолдар жанымды бек жүдетіп ,
саған деген бал сезім елжіретіп
қатар басып менімен күнде бірге
себеді үміт нұрын
тоңыңқырап жүретін бұл көңілге.
Шың, құздар биіктегі
тұрғандай сүйіп мені
сен секілді үндемей біліп бәрін,
кей шақтағы еркелеу қылықтарым,
кейде жаным төзгісіз тұйық па еді—
бәрібір саған ғана
осы қалпым, бар қалпым сүйікті еді.
Зымырап жылан-жалған,
құлардай қыран жардан —
кейде алдымнан тосады дүлейлерін,
кейде жайлар жанымды үрей менің
айрылып қалғандай сыңар жаннан.
Сонда сенің нұр тұлғаң
Қыдыр ата секілді шығар-ды алдан.
өмірдің бауын, бағын,
мұнарлы сағымдарын,
көз бермес дауылдарын —
кешіп келем бәрін де, көріп келем,
кейде қиын жылдарға жорық деген,
кейде денем майысып, ауырладым.
Енді біттім дегенде,
есіме алам сен барын, ауыл барын.
Сенің гүл алақаның
аялап балапанын,
қыран мекен—қияға талпындырған,
қанат байлап арманға жалқын нұрдан.
Ойлауменен есейген бала қамын
жазатын өзің ғана
жанымдағы жалаңаш жара табын.
Ешкімге жала жаппай,
ешкімді қаралатпай,
адалдықтың емізіп сүтін маған,
“өтірікке тұнса да бүкіл ғалам
шындықпен өт дегенің”- үкім маған,
көңілімде жаттаулы дара хаттай.
Шындықтың құздарына,
дауылдың ызғарына
кеуде тосып келемін өрмелеп мен,
талай-талай алқынып терге бөккем,
суық өтіп жүрегім сыздады ма—
сенің демің шілденің
күн шуағын құяды мұз-жаныма!
Жылытып шуақ-шабыт
жанымнан сыр ақтарып,
нұрына жүрегіңнің ауық-ауық
салқындаған денемді малып алып,
сен сүйейсің жатсам мен құлап қалып,
армандарды бетке алып жүріп келем
сенің махаббатыңмен қуаттанып.
Фариза Оңғарсынова