Бұл оқиғаның ертеде болғаны соншалық, еске тек бақытты күндердің елесі ғана қылаң береді. Қалған деректер, адамдар, жыл мезгілдері болса, өткен жылдардың бұлыңғыр бейнесінде көмескі тарта бастаған. Ол кезде Зайнаб жаңадан он сегізге толған-ды. Мұсылмандық түсінік бойынша ол күйеуге шығатын жастан баяғыда-ақ асып кетіп еді. Шешесі екеуі тұратын оның әкесі ертеде, қыздың кішкене кезінде қайтыс болған. Оған көпшілік құда түсті, бірақ олардың барлығы да не жесір еркек әлде кәрі байлар болатын. Өзгелер кедейдің қызын әйелдікке алғысы келмеді. Сондықтан шешесі мен қызы еркексіз тұра бермекші болған еді, алайда ауыл ақсақалдары Зайнабты мұртты Хайдарға беруді ұйғарды. Көпшілік дәл солай — мұртты Хайдар деп атайтын төртпақ, дөңгелек жүзді күйеу жігіттің көзіне ұдайы ұйқы тығылып жүретін. Ұзын мұртының шалғысын көкке шаншылтып қайырып жүретін ол бұрынғы әйелімен екі-ақ жыл тұрыпты. Ол әйелінің бала көтермегенін сылтау қылып, үш рет “талақ” деп үйінен қуып шыққан болатын. Жаңа әйелі муртты Хайдарды жылдам жалықтырып, ол кейде шайханада, не туыстарының үйлену тойына немесе әлдебір қуанышына тәуліктеп кетіп қалатынды шығарды. Оның аталас туысқандарының көптігі соншалық, ол кейде жиын-тойға, кейде өлім-жітімге жиі кететін болып жүр.
Ұзақ түндерде топырақтан соғылған тар үйінде жалғыз қалатын Зайнабқа істейтін жұмыс аз болғандықтан уақыт өтпейтіндей көрінетін.
Мұртты Хайдар өзіне екінші рет үйленудің не үшін керек болғанын тіпті ойлаған емес. Үркек әрі жуас Зайнабтан қаңғыбас және сырбаз күйеуінің жалыққаны соншалық әйелін мүлде көзге ілмеуге айналды. Оны тіпті үйдегі зат құрлы көрмеді.
Алыстағы Ресейде төңкеріс болмағанда, жапырақ жайған баулардың ақшыл-қызыл гүлдестесіне оранған шаһар — Канибадамдық жас келіншектің тағдыры туралы әңгіме осымен тәмат-тәмам болар еді. Төңкерісшілер, Ленин жайындағы деректерді Зайнаб, халық толқуына қатысқаны үшін Түркістанға айдалған орыс жұмысшыларынан там-тұмдап естіген. Үйлерінің ауласындағы құжыраны жалға алған олар бойжеткенді орыс тіліне үйреткен болатын.
Бұдан кейінгі оқиғалар, жаздың күні Қараққұмнан жиі-жиі соғатын қапырық желге ұқсап кетті. Қуатты, ыссы, дауылды болып, кейде аз ғана дамылдап қайта соқты.
Қала қайнап жатты, әрбір күн әйтеуір бір жаңалық әкеледі. Митингілер, жиналыстар өтіп, билікті өз қолына алған халықтық Кеңес құрылды.
Бір күні Зайнабқа құрбысы Кумри келді. Жан-жағына үрейлене көз тастаған ол, Канибадамда Шығыстың кедей әйелдер клубы құрылғанын және бүгін кешкісін орыс әйелдері мен пәренжесін алдымен батыл отқа тастаған тәжік төменетектілері қатысатын үлкен мәжіліс өткізетінін жеткізді.
— Мен барып қатысам! — Зайнаб күлімдеп кетті.
— Мұртты Хайдар ше? – деген Кумри қорқақтай сұрады.
Бір сәтке ойлана қалған Зайнаб: — Бәрібір барам!
Жападан жалғыз сызды тамда отырғаным жетер! — деді.
Тап сол күн жас келіншектің өміріндегі көп нәрсені өзгертті. Көпшіліктің желігімен пәренжесін оттың көмейіне тастаған ол, тор көзді матаны жалынның қалай орап алғанына, соңыра қызара шоқтанғанына ұзақ қарап тұрды. Енді үйге оралу қауіпті болатын. Өйткені шариғаттың әрбір тармағын алдыға тартатын мұртты Хайдар, кәпірлікке ұмтылған әйелін өлтіріп тастай алатын. Сөйтіп ол шешесінің үйіне барды. Біраз уақыттан соң комсомолға өткен Зайнаб өзіне, еріккүшіне сеніп, әрбір күнді тағдырдың сыйға тартқан тартуындай қабылдады.
Кейуана Туфа өзінің қызын мақтан тұтып, оның өміріне қатты алаңдады. Және бекерге алаңдамағаны содан көп өтпей-ақ айқындалды. Кешкісін олар аулаға тартылған жүзім астында тамақтанды. Зайнаб шешесіне өзі баратын комсомол үйірмесінің жұмыстарын айтып, ликбезді қалай құратындарын, Кеңес билігін нығайтуды және оның не екенін тәптіштей түсіндіріп отырған. Өзі секілді белсенділер болмаса… Зайнаб сөзін аяктап үлгермеді. Бөрі әп-сәтте болды. Қолын тандыр нанға соза бергенде соқпа қорғанның ар жағы гүрс ете қалды. Келіншектің самайын жалын шарпып өткендей болды да, шешесінің ақырын бір жағына қисайып бара жатқанын көрді…
— Сізге оқ атты. Бұл енді анық! – деді, көзіне ұйқы тығылған қалалық милицияның бастығы Камиль Ярматов. Ол да жақсылап қашан тыныққанын ұмытқан. Әрбір түні біресе қалаға шабуылдаған, біресе үй өртеп, белсенділерді өлімге қиған басмашылармен арбасу оңай емес-ті. Тіпті кейде тәуліктеп аттан түспейді.
— Комсомол болудың қандай екенін енді түсіндіңіз бе?! Туфа апайдың артының қайырын берсін. Жақсы адам еді. Ту сырттан оқ атқан бұрынғы күйеуіңіз болар деген болжамымыз бар. Қазір ол басмашыларға қосылып алған.
Милиция бастығы Зайнабқа сақ болу керектігін ескертті, бірақ оның сөзі келіншектің санасына кірер емес. Ярматовтың шаршаңқы жүзіне қараған ол, шешесі үшін кек алу дұрыс еместігін ойлады. Өйткені шаһарда көптеген отбасы туыстарынан айырылды. Сондықтан көпшілік үшін кек алу керек. Турасын айтқанда кек алу емес, өздерін “халық пен сенім үшін күресушілер деп атайтын екі аяқты хайуандардан қорғау еді ойлағаны.
— Мені милицияға аласыз ба? – Зайнаб ақырын сұрады.
Ярматовтың көзі таңданыстан бақырайып кетті. Алғашында оған жаңсақ естілгендей көрінді.
— Алыңызшы?! – деген келіншек қайсарлана өтінді. — Ант етейін, өкінбейсіз. Мен комсомолмын ғой.
— Біздің жұмысымыз қандай екенін білесің бе өзі?..
— Білем! — Зайнаб милиция бастығының сөзін бөліп жіберді. — Сіздер әйелдермен де жұмыс істейсіз ғой. Тергеуге алу, құтқару керек дегендей… Қажетіңізге жараймын!
Камиль Ярматов ойланып қалды.
— Сенікі де дұрыс шығар. – Ол жиырылып кеткен маңдайын алақанымен сүртті. – Жарайды, несі бар, байқап көрейік!
Зайнабтың мылтық атудан зәресі ұшатын. Есесіне ат үстінде қылыштасуды оңай меңгерді. Ерге мығым отырған оның, шаншылған шыбықты мүлтіксіз шауып түсіретіні соншалық, түзу бұтақтың қиылған бөлігі құмға қадалып, ат тұяғының дүрсілінен дірілдеп тұрады. Бірақ мылтық атуды үйрене алмады. Тіпті кешкісін иықты қақсататын соққысынан да, ұңғыдан шыққан жалыннан да қаймықпайтын ол, мылтық гүрсілінен қорқатын. Мылтық даусы оған шешесімен жүзім көлеңкесіндегі суфада» ауқат ішкен соңғы кешті және шешесінің сол гүрсілден соң бір бүйірлей ақырын құлап бара жатқанын еске түсіретін. Сонда кең көйлегінің кеудеше матасын Шыми ұстап аласұрған апасының саусақтары арасынан шып-шып қан шыққан-ды…
Зайнаб еріксіз қабақ шытып, шүріппені күшпен басып қалатын, сонда қорғасын оқ нысана жаққа, кеңістікке сіңіп жоғалатын.
Жас милиционерлерді мылтық ату мен қылыштасуға жарқын жүзді жас жігіт үйрететін. Бәрі де оны — Сергей деп тікелей атағанымен, олай деуге бата алмайтын Зайнаб, “оның есімін шатастырып алармын, оған Сергей ашуланып, күлмей қояр” деп ойлайтын. Оның үстіне келіншек жігіттен біртүрлі қысылушы еді. Сергейді алғаш көргенде, өмірде осындай ақсары, бұйра шаштың болатынын ешқашан ойламағанына қатты таң қалған. Сонда жігіттің бұйра шашы тұптура айлы түнде самал желпіген астықтай көрінген. Ал Сергейдің көздері аспан түстес, көкпеңбек болатын. Зайнаб мұндай жігітті көрікті деп атаудың өзі дұрыс әлде дұрыс еместігін білмейтін. Өйткені Тәжік қызы мұндай көрікті өмірі көрмеген-ді.
Сергей ешқашан жабыққан емес. Тіпті, жас курсанттарға атпен кедергіден қалай секіру керектігін үйреткен күннің өзінде қиналған қалып көрсетпеді. Алаңның ортасындағы тоқыма кедергіге қарай аттың бар екпінімен шауып келе жатып, әне-міне атын тікке қарғыта бергенде, кедергінің қалқасынан болашақ милиционерлерді қалай дайындайтынын жасырынып көрмек болған бала қорыққанынан атып шықты. Жылқы бір жағына ауа жығылғанда ердің тартпасы шарт үзілді де, Сергей жерге оңбай құлады. Оған бірінші болып жүгіріп жеткен Зайнаб жігіттің қан жуған жүзін, сынған қолын, тағы да басқа болуы мүмкін жарақаттарын көруден қорықты. Сергей болса орнынан атып тұрып күлімсіреді. Сосын:
— Не, Шаганэ, қорқып кеттің бе? – деп мейірлене сұрады. — Комсомолдар қорықпауы тиіс… – деді де, көптің көзінше оның қолынан ұстады.
Сергей танысқан күннен бастап қызды Шаганэ деп атап кетті. Бұл сөздің мағынасын білмеген келіншек, “келімсектердің бәрі әйелдерді осылай атайтын шығар” деп ойлады.
Енді міне төселген шинельде жатып, дүрсілдей жөнелген жүрегінің тарсылын тыңдаған Зайнаб мылтық гүрсілінен соң тарс жұмған көзін ұзақ ашпады.
— Шаганэ, адам осылай да мылтық ата ма?
Жас әйелге төніп еңкейген Сергей Шиті мылтықты оның қолынан ақырын алды. Қатайып қалған оқпанын оп-оңай қайырып жаңа оқ салды және нысананы қалай көздеу керектігін түсіндіруге қайта кірісті. Оны тыңдаған Зайнаб түк естiр емес. Жігіттің көкпеңбек жанарына қадала қараған Ол: “Әдемі ме, әдемі емес пе?” деп ойлап тұрды. Тәжіктердің барлық әндері мен жырларында көздің түн секілді қаралығы айтылады. Ал мынау болса, мамыр айының көгілдір аспаны секілді көкпеңбек. Толқын-толқын шаштары алтын сияқты… Ғажайып тура осындай болар!
— Шаганэ, біз бұлай басмашыларды ешқашан жеңе алмаймыз. — Сергейдің даусы тура жанынан естілді. — Қане, тағы бір рет!
Енді тынышталмақшы болған Зайнаб демін тартып, қаңылтыр бейненің тура алқымын көздеді. Бір қызығы, жанында Сергей болса мылтық даусы құмығыңқы шығады. Нысана жерге құлады.
— Жарайсың, Шаганэ! – Сергей күлімсіреп тұр еді. — Жақында сен екеуміз атыс бойынша бар жүлдені жеңіп аламыз.
Оның күлгеніне қарап Зайнаб та қуана жымиды.
Оған бұған дейін, шешесінің қазасынан соң, сәтсіз аяқталған тұрмыстан соң ешқашан қуанбайтындай көрінген, қысқасы қуанатын ештеңе қалмаған. Сөйтсе қазір жаздың жайма-шуақ күндері екен, адамдар өрік жинап, кешкісін жастар қызыл әскерлермен бірге клубтағы би кешіне барады екен. Бұған дейін болмаған ән айту, би билеу түннің бір уағына дейін қызықпен созылады екен. Сөйтіп, Зайнаб он тоғыз жасында өмірдің қызығын қайта танығандай болды. Сергейдің баяннан төгілген әуеннің ырғағына ілесіп, бейтаныс кыз — медбикемен биді керемет билегенін көргенде оның жүрегіне ине қадалғандай шаншыды. Ол кезде Зайнаб ондай шаншудың кеудесінде неліктен шығатынын түсінбеді. Мұны кейінірек, бір аптадан соң қолы мойнына байлаумен асылған Сергейді кездестіргенде ұққандай еді.
Сергей атты әскер эскадронындағы взводқа қолбасылық жасайтын. Басмаштардың бір тобының артынан Исфара тауына қуып кіргенде иығының қара етін оқ тiлiп өткен. Жарақаты жанына қатты батқаны білініп, бет-әлпеті сұрланып, азып тұрса да Сергей жарқын жүзді күлкісін тастамапты.
Зайнаб салт аттылардың қайта оралуын күн сайын күтетін және қала аумағынан екпінді ән мен ат тұяғының дүрсілін естігенде қарсы жүгірді. Аттан қинала түскен Сергей қабағын шытты.
— Ауыра ма? — деп сұраған Зайнаб жылап жіберердей. Ол мұндай толқынысты және қуанышты сәтті сезінген емес.
— Үйленгенше жазылып кетеді, Шаганэ, — Сергей жымиды. — Үйге барсам, дем алсам, туған көшеммен жүрсем болды, аурудың бәрі қолмен сылып алғандай жоғалады.
Шынын айтқанда, Зайнаб оны әркезде де жақсы түсіне бермейтін. Орыс тілін өте нашар білетін ол, қуанғанда керек сөздерін мүлде ұмытып қалатын.
— Үйге? Барам? — қайталай сұраған ол жылап жіберді.
— Шаганэ, қымбаттым, мәссаған! — абдырап қалған Сергей не айтарын білмейді. Болдырған аты салмағын басқа аяғына ауыстырып, пырылдайды.
Сол күні Зайнаб осы жігіттің өзіне қымбат екенін түсінді. Және бұл сезім өзіне сондай оғаш көрінді. Озінің ынтықтығы жайлы қалай айтады, тіпті тілі мен дәстүрі бөлек әйелдің махаббаты жігітке керек пе?! Бул жайында Зайнаб түн сайын иттердің үрген даусына, сирек атылған мылтық гүрсілі мен күзетшілер мінген жылқы тұяғының дүрсіліне құлақ түріп отырып ойлайтын.
Дегенмен мұндай ой ойлауға уақыты аз болатын. Еркек, әйел… олардың айырмашылығын ешқашан ажыратып көрмепті. Милицияда әрбір мылтықтың өз орны бар еді. Қарақшылар, басмаштар сол бір қиын уақытта көлденең табыс табу үшін адам өлтіру мен үй өргеуден тайынбайтын. Зайнаб үйіне тәуліктеп келмейтін, туған ауласына табан тірегенде қажыған аяқтары кирелеңдеп, беліндегі тапаншаның ауырлығы бірден сезіледі. Тек түн болғанда Сергей туралы ойлайтын ол, атты әскер қаладан апталап шығып кететіндіктен жігітті сирек көретін болып жүр.
Милицияға барғанына Зайнаб өкіне ме? Шынын айтқанда кейде өкінетін. Аққан қанға, жырылған жарақатқа, адамды мылтық үңгісімен көздеуге үйрене алмай-ақ қойды. Сонда да оның ішкі әлемінде бірнәрсе ширығып келе жатыр еді. Ол жаңа биліктің жұмысшылар мен диқандарға көмек беру үшін қанша күш жұмсап жатқанын көріп, біліп жүрді. Және осы жолға қаншама кедергілер қойылғанын жақсы түсінді. Осындай қиын кезеңде үлкен істерден тыс қалуға бола ма?!
Жап-жасыл Канибадамның үстінде жаз жалқынданып тұрды. Күндіз күннің қызуы соқпа тамдардың шатырларын қаңсытып, жіңішке көшелердегі дымқыл сыз жоғарыға буланып ұшып, дуалдар ыстықтан еріп жерге тамып тұрғандай көрінеді. Сылдырап аққан арықтар бойындағы ағаштардың көлеңкесіне жатқан қаңғыбас иттер ұзын тілдерін шығарып, қарыпықтан бүйірін соғуда.
Есесіне түн дегенің керемет. Қас қарая көгілдір ауа сап-сары боп күйіп кеткен жерге түсіп, атырапты алып көрпе секілді жабады. Баданадай жұлдыздардың төбеге жақындайтыны соншалық қолыңды созып кез-келген жұлдызды сүйіктіңе алып беруге болатындай.
Түн ортасы ауа соғатын жел қалаға салқын самал таратады, өрік ағаштарының қою жапырақтарын сыбдырлатып, ірі-ірі дәмді жемістерді жерге түсіреді.
Жубын іздеген бақалардың құрылын шегірткенің шырылы қостайды және жақын жерден керемет түннің әуенін — махаббат жаршысы бұлбұлдың сұлу үні іліп әкетеді.
— Мәссаған, керемет! – деген Сергей басын шайқап қалт Тоқтады. — Мынау түн емес ертегі ғой, ертегі. Күні бойы ерсоқты болып төсекке тезірек жетуді ойлайсың, бірақ мынадай түні ұйқы жайына қалар. Керемет деген осы.
Бас киімін шешкен ол шалқайып жұлдызды аспанға қарады. Жарқ еткен жанарына қараған Зайнаб, “күндіз не түнде болсын, оның көздері барлық уақта аспанға ұқсайды” деп ойлады. Тура сол сәтте келіншек осы бір орыс жігітінсіз өмір сүре алмайтынын, тек сонымен ғана бақытты болатынын берік ұғынды.
Жігіт әдетте Зайнабты үйіне дейін шығарып салатын, жеткен соң бір-екі сағат сылдыр сулы арықтың жанында отырады және Сергей келіншекке тау атаулы мүлде болмайтын өзінің туған жері жайлы айтатын. Жазық даланың ұзақтығын атпен тоқтаусыз шапсаң да ұшықиырына жету қиын екенін суреттейтін.
Зайнаб болса, қалжыңдап отыр деп ойлағанымен Сергейді тыңдай беретіндей. Бірде жігіттің кеудесіне басын сүйеген ол сүйікті адамының жүрегі бірқалыпты әрі тынымсыз соғып тұрғанын естіді. Өздерінің махаббаты жайында айтпайтын олар болашақ туралы да сөйлеспейтін. Бірақ атты әскердің қатары күн өткен сайын селдірей бастағанда ол жайында айтудың не керегі бар?! Қиын күндерде ең дұрысы сенім мен үмітке иек артқан дұрыс. Сол жөн.
— Білесің бе, Шаганэ…
– Неге мені Шаганэ деп атайсың? Мен Зайнабпын ғой.
Сергей ақырын күлді.
— Кешіре гөр, менікі кемсіту емес. Білесің бе, Рязаньда, Ресейде Сергей деген ақын болған. Тәжікше ақын қалай айтылады? Өлең құраушы ше, кәдімгі…
— Шайыр, – Зайнаб ақырын жауап қатты.
— Сондай шайыр Ресейде де болған. Шығыстағы бір қызға ғашық болып өлең жазады. Мен сол өлеңді естігелі бері шығыспен ауырғандай болдым. Өз еркіммен осында басмаштармен соғысуға сұрандым. Және өзімнің Шаганэмді жолықтыратыныма сендім. Сен болсаң рязаньдық шайыр жырлаған арудан да асып түстің. Сені алғаш рет көргенімде-ақ, “Міне менің Шаганэм!” деп ойладым…
Зайнабқа ешкім ешқашан мұндай сөздерді айтқан емес. Көзін жұмған ол, бала кезінде ғажайып аңыз тыңдағандай Сергейді үнсіз тыңдады.
— Сонда, сен де орыссың ба, Рязаньнансың ба? — Зайнабтың сұрағы әрең шықты.
Сергей басын шайқады.
– Жоқ, мен белоруспын, Гольмещинаданмын. Бірақ айырмашылығы шамалы. Орыс, белорустың түп-тамыры бір.
— Белорус, — Зайнаб буын буынға бөліп сөйледі. — Ақ орыс, шынында да ақ.
Атты әскердің құрамында жүрген көптеген орыстардың шаштары қара және жирен түсті еді. Ал Сергейдікі болса пісіп жетілген астық сияқты алтындай жарқырайды.
— Сен ақ орыс емессің, – келіншек тұжыра сөйледі. — Сен, мохтобисің!
Сергей таңдана қарады.
— Мохтоби? Ол немене тағы?! Зайнаб ұялып қалды.
Орыс тілін нашар білетін ол санасында пайда болған поэтикалық бейнені түсіндіріп бере алмай қиналды.
— Сондай өрік бар, – ақырын сөйлеген ол басын төмен түсірді.
Өріктер әдетте сары, қызғылт, қоңырқай түсті келеді, ал мохтоби піскен кезде күміс түстес болады. Осы бір ағаштың бұтақтарындағы жемістер айдың сәулесін бойына тартып алғандай түн ішінде әлсіз жылтырай көрінеді. Сондай сәттердің көрікті болатыны соншалық ағаштың кең тармақты бұтақтарына ай ілініп қалғандай әсер береді. Осыны сүйікті адамына қалай жеткізсе екен?! Зайнаб шешімді түрде тұжырды:
— Сен мохтобисің, ай сәулелі…
— Жарайды, мохтоби-ақ болсын, – жігіт мақұлдай бас изедi. — Әйтеуір өзіңе ұнаса болды.
Сосын Зайнаб орыс тілі неткен түсініксіз деп ойлады. Бір сөздің өзі екі түрлі нәрсеге жарайды. Мысалы Сергей өзінің Гомельщинадан екенін айтты. Сонда қалай болғаны? Гом, Тәжікше — қадам деген сөз. Яғни — жүр. Ал, шин – отыр. Сонда қалай болғаны — жүр де, бірден отыр деу ме?! Олай болмайды ғой. Мүмкін ол әдеттегідей қалжыңдаған шығар?! Өйткені ол тәжікшені аздап болса да біледі ғой…
Шынтуайтына келгенде қалалықтардың бәрі бірдей олардың махаббатын түсінген емес. Тәжік қызының кәпiрмен жүргені ешуақытта болмаған-ды. Зайнаб Сергеймен бірге тар көшеде келе жатқанда ту сыртынан өткір көздер қадалып жатқандай сезінетін.
Сол бір күн қуаныштан басталды. Сергейдің таңнан бос болатын күні. Зайнаб та бір күнге сұранған, екеуі некелі отбасыдай үй шаруасымен айналысты.
Келіншектің үйіне көптен бері еркектің қолы тимегенді. Сергей қисайған қақпаны түзеп, шатырды лаймен сылап шықты. Аулада күздің демі сезіліп қалған-ды: ағаштардың жиі бұтақтарының арасынан сарғыш жапырақтар сығалайды, күндіз аспанда күміс түсті өрмектер қалықтайды.
Үйді жаңбырлы маусымға дайындау керек болатын, оның ар жағында қар да тиіп тұр. Мұнда қар Сергейдің сүйікті Гомельщинасындай мол түспесе де біраз машақаты бар.
Әкесінің ескі тақиясын шаштары шашылмас үшін милықтай киген Сергейдің піскен жүзім шоқтарын кесіп алып, топырақ суфаға баппен қойған қимылына Зайнаб күле қарайды. Ол тәжік жігіттеріне ұқсамағанымен барынша Шығыс ұлдарының әдеттерін қайталауға тырысады. Әрине соның өзі қолынан келмеген соң өзінің икемсіздігіне Зайнабпен бірге күлетін. Өйткені шатырды лаймен сылау, жүзім жинау үшін кәдімгідей шеберлік керек-ақ. Ал, балалық пен бозбалалықтың дәмін дұрыстап та татпаған белорус жігітінде ондай шеберлік қайдан болсын?! Көргені аздаған еңбек және мылтық пен ат болса.
Сергейдің ұстамдылығы ұзаққа бармады. Беріктігі шамалы сатыдан секіріп түскен ол Зайнабқа қосыла күліп, оның иықтарынан құшақтап, әйгілі Сағди ерке елікке теңеген жанашыр, қара көздерге қарады.
Зайнаб ошақ басында кешкі ас дайындап, Сергей болса отынға шырпы бұтап отырған. Келіншек осы күннің мәңгіге ұласқанын қалады. Бірақ бақытты сәттер құмға сіңген судай тез өтеді. Міне үйеңкінің ұзын көлеңкелері ауланы қарайтып, алыста желіні сыздаған сиыр мөңіреді және алғашқы жарғанаттар аспанды тiлгiлей ұша бастады.
Бұл түн осыған дейінгі түндерге мүлде ұқсамады. Зайнаб сүйіктісі үшін үйінде тек жақсылық болуы үшін бар пейілін салды, шамасы оның тырысуы нашар шықпаған секілді, өйткені ол Сергейдің көзінен мейірім мен өз жүрегін лүпілдеткен бақыттың ұшқынын көрді. Олар біріне-бір қарап сыр шертiстi және осы бір бұған дейін мың-мыңдаған адамды қуантқан қарапайымдылық олардың да көңілін жұбатты.
Сол күнгі түннің салқын әрі жұлдызды болғаны соншалық, күллі ғаламның жұлдызы ұйқыдағы кішкене Канибадам аспанына жиналғандай көрінеді. Жұлдыздар осы бір шулы, әлі қалыптасып болмаған әлемде бірбірін іздеп тауып және өздеріне бақыттың қарапайым әрі сенімді түрін ашқан ғашықтарға қызыға да қызғана қарайды.
Бірақ сағаттар бірінен соң бірі соқты. Міне аяғына жетпейтіндей көрінетін кезекті айырылысу мен таңның ататынын әйгілегендей қораз шақырды.
Шынтағын тірей кеудесін көтерген Сергей тың тыңдады. Сосын:
– Мен кетейін, – деп сыбырлады.
Зайнаб таң алагеуімде атты әскердің толық құраммен аттанатынын білетін. Тағы бір басматтардың үлкен тобы шығып, соны індету керек болатын.
— Шығарып салам, — Зайнаб Сергейдің қарсылығын тыңдамай кесіп айтты.
Олар үйден шығып, бірден таң алдындағы қараңғылыққа сүңги берді. Жіңішке көшелер қиылысында бір ауланы екіншісінен қорған қабырғалары секілді бөліп тұрған биік дуалдар әрең көрінеді. Аздан соң екі ғашық енген бай бақшасындағы өрік ағаштарының жіңішке діңдерін де көру қиын. Зайнаб Сергейге тығыла, бақты қақ ортасынан кесіп өтетін жалғыз аяқ соқпақпен ақырын жүріп барады.
Таңның ататынын барлық нәрсе әйгілей түскендей. Анар бұталарына тығылған қою түнек те, биіктен түсіп титтей алмас секілді алыстан жалтылдаған жұлдыздар да, аспанның бір шетінен көрінген жарық жолақ та атар таңның жаршысындай еді.
— Енді кішкене жүрейінші, — деген Зайнаб өтіне сұрады. Ол қазір Сергейдің “болды” деп тыйып тастап, үйге қайтаратынын сезді. Жігіт шынында да ғашығын кері қайтармақшы еді, бірақ кенет әлсіз дыбыстар естілді. Құлақ түре қалған ол Зайнабты қолымен тоқтатты. Анар ағашының түбіндегі қою қараңғылыққа Тығылған олар ары қарай не боларын күтті.
Дауыстар мен ер-тұрманның сықыры жақындай түсті де, атты адамдардың бұлыңғыр сұлбасы көріне берді.
Зайнаб ат тұяғының дыбысы білінбейтініне таң қалып үлгермей жатып тұяқтарға киізден байпақ киілгенін түсінді. Бұдан басматтардың қалаға кірмекші екендігі белгілі еді. Бірақ не үшін?..
Салт аттылардың күбірлей сөйлескенінен Зайнаб қарақшылардың ойларын түсінгендей болды.
— Сен, күзетшінің көзін құрт, — қырылдақ дауыс бұйыра шықты. — Сосын қойманың жанына тығыласың. Ондағы көше жалғыз салт адам ғана өтетіндей тар. Бірнеше жігітті күтіп аласың да артынан атыс бастаңдар. Қызылдар бірден ұнды құтқаруға ұмтылады, біз сыртынан шабуылдаймыз.
— Алаңдамаңыз, тақсыр, – екінші дауыс құрметтей сөйледі. — Бәрі айтқаныңыздай болады. Күзетші тіл тартпай кетер, менің қолым қандай екенін білесіз ғой.
Зайнаб бұл дауыстың иесін бірден таныды. Ол бұрын базарда ет сатқан Абдуғафур еді. Оның жымысқы, зымиян қимылы әркезде де Зайнабқа жексұрын көрінетін.
“Бұл да басмаштармен бірге болғаны ғой”, – деген ой басында қылаң берді.
Сөгіле бастаған таңғы қараңғылықта салт аттылардың сұлбасы бірінен кейін бірі өтіп барады. Оларды дірілдей санап шыққан Сергей әрең шыдап отыр. Әлі де ұйқы құшағындағы қаланы қарақшылар дүрліктіргенше атты әскерге жылдамырақ хабар беру керек.
— Олардың не айтқанын түсіндің бе? – жігіт Зайнабтан сыбырлай сұрады.
— Дихандарға тарату үшін кеше әкелінген ұнды басып алмақшы. Оны байдың ауласына жинаған екен. Біздікілер қойма үшін ұрыс салғанда сырттан шабуыл жасамақшы, — Зайнаб қорқынышын жасыра алмады. Оның даусы дірілдеп, үзіліп кетеді. Сүйіктісі барда ол өзін күшті әрі батыл сезінетіндіктен үрей ығысты. Қимылдау керек болғандықтан жас келіншек Сергейдің жеңінен тартты.
Тапаншамен атқылайық. Біреу, екеу, үшеуін өлтірсек дүрлігіс болады да күзетшілер атты әскерге хабар береді.
— Жоқ, Зайнаб, ол дұрыс емес, — Сергей болмайтынын басын шайқап білдірді. – Одан да сен тікелей қоймаға жүгір, күзетшіге ескерт, мен әскерге асығайын. Басматтарға солай соққы берейік.
Қарақшылардың ізі суып қалған, Зайнаб бақ арқылы бұрынғы байдың үйіне жүгіре жөнелді.
Қойма болса тиіп тұр. Бақтағы жолсызбен жүгіріп өткен Зайнабтың бетіне бұтақ тиіп, аяқтары ағаш тамырларына шалынды. Таңның атып кеткенін де көрмеген, өзінің алқынысын да естімеген ол сақтықты да ұмытты. Оны жалғыз ғана, “үлгеру керек” деген ой алға жетелей берді.
Үлшерді деуге болады. Тар көшеге алқына жүгіріп жеткен ол қалғыған күзетшіні көрді. Мылтығын қыса ұстаған күзетші аласа ұстында басын қолына сүйеп отырды. Қасашы Абдуғафур оған екі қадам жерде тұр еді. Келіншек қарақшының еңкіш арқасы мен жүзі жарық жолақ секілді көрінген пышаққа үрейлене қарады.
Зайнаб қорабынан тапаншасын суырып алып қарақшыны қорқыту және күзетшіні ояту үшін бар күшімен айғай салды. Оның даусы көшені бойлап кетті, күзетші басын көтеріп үлгермеді. Қанды қол қасапшы Абдуғафур күзетшінің жүрегіне пышақтың тура ұрды да, сосын ғана кері бұрылды. Қорқыныштан бадырайып кеткен әйелдің көзін, жіңішке бітімін, қаны қашқан бет-әлпетін, ұңғысы төменге салбыраған тапаншаны көріп мырс етті.
— Зайнаб, сенсің бе? Ұнды күзететін болғансың ба? Бері кел, қорықпа…
Келіншектің орнынан қозғалмағанын көрген қарақшы асықпай, бетбақтана жақындады.
— Әдемі боп кетіпсің. Мұртты Хайдар мұндай тәттінің дәмін алып та үлгермеді. Қанеки, маған беріңдерші бұны…
Келіншекке тақалып келген ол тапаншаға қол созды. Зайнаб жаумен алғаш рет бетпе-бет кездесіп тұр еді. Оның кеудесінен шығыр жиырылғандай болды. Үрей жоғалды да ашуға толы ызғар алға шықты. Тапаншасын жылдам көтерген ол қарақшының кекесінді бетіне тіке атты. Тұт ағашының жемісіндей алқызыл қан бетіне шашырады. Қасапшы Абдуғафур біреу қылғындырғандай қолымен тамағына жармасып, артқа қарай тастақты жерге шалқасынан ауыр құлады.
Зайнабигың қарақшыны анықтап қарауға уақыты жоқ болатын. Құлағының түбінде қарақшылар көсемінің “…тағы бірнеше жігітті күтіп аласың» деген сөзі жаңғырып тұрды. Қасапшы өлігінің үстінен аттап өткен келіншек күзетшіге жүгіріп барды. Жап-жас қырғыз жігітінің көздері алаулаған таңғы аспанға қарап қалыпты. Зайнаб күзетшінің мылтығын алды да, тақтай есікті серпи ашып аулаға кірді. Қалқаның астында ревкомдықтар кедейлерге таратып беруі тиіс ұн толы қаптар айқастыра жиналыпты. Байдың үйіне жіңішке өткел арқылы ғана кіруге болатын. Қарсы беттегі қақпа баяғыда-ақ кірпішпен қаланып тасталған. Және ол жақтағы аулалар бір-біріне тақау орналасқандықтан артқы жақтан келетін шабуылдан қорықпауға болады. Яғни алдын ала секем алдырмауы керек. Зайнаб өлгендерді аулаға әрең сүйреп кіргізді, сосын есіктің тесігін бір қап ұнмен бітеуден өзге амал ташады. Мылтықтың қорамсағын тексеріп шықты, бірде-бір оқ атылмаған. Жерге ыңғайланып жатып демін ішіне тарта қалды. Енді басмаштарды күте беруге болады.
Олар да көп күттірген жоқ.
Алдымен жылқының құмығыңқы кісінеуі, тұяқтардың мылқау дүрсілі естілді, артынан тар өткелге салт аттылар кіріп келді. Бірінің артынан бірі ілескен олар сақтануға мәжбүр. Негізі басмаштар жалғызілікті жүргенде аса батыл емес, ал мынадай қаңғыған оқ кез-келгенін жайратып кетуі мүмкін жағдайда мүлде үрейлі. Ең алдында екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі, қару-жарақ асынған қарақшы келеді. Қалың қара сақалды оның басында ала безбен зерлене оюланған шалма қоқыраяды. Бір қолын жоғары көтерді. Қалғандары іркіліп қалғанда, атымен есікке жақындаған қарасақал тар өткелде күзетшінің өлiгi жоқтығына секемдене қарайды. Сонда Абдуғафур қасапшы күзетшіні ала алмағаны ма? Олай болса күзетшінің үрейлі айғайы неге шықпайды? Сақалды атын іркіп мылтығын алдына алды да, тың тыңдады. Үнсіздік… Сосын ақырын айғай салды.
– Ей, қасап, барсың ба?
Тағы да үнсіздік. Бұдан кейін қарақшы тар өткелмен жартылай ашық жіңішке есікке қарай тіке салды.
Бұдан артық тығылудың реті жоқтығын түсінген Зайнаб жаттығудағыдай нақпа-нақ қимылдап мылтығын ұн толы қапқа жатқызды да нысана көздеуге кірісті. Өзіне бағытталған мылтық ұңғысын көрген басмаш қысқа дыбыс шығарды да, артқа қарай бұрылмақшы болған. Бірақ тар өткелекте ат шегiншектеуден өзге амал істей алмады. Зайнаб шүріппені басып қалды. Оқтың гүрсілі құлағын тұндырды. Құлаштай бергенде бір кедергіге тап болғандай ер үстінде аласұрған қарақшы аттан құлап түсті. Жерге домалап сырғанаған мылтық сылдырынан үркіп, тікке шапшыған күйі артқы аяқтарымен шалт бұрылған ат тар өткелден безе қашты.
Дуалдың бұрышына тығылған басмаштар не iстерлерін білмеді. Бұрыштан сақтана сығалаған олардың бірі ақырында бар даусымен айғай салды:
— Ей, өз еркіңмен беріл! Бәрібір өлтіреміз.
Бірнеше рет мылтық атылды. Жұқа тақтайды оқ тесіп өтіп, екі-үш оқ зор күшпен қапқа тиді. Тесіктерден ұн бұрқырады. Зайнаб үнсіз. Жүрегінің дүрсілі басылып, оның орнына соңына дейін шыдап беру керектігін айқындаған шешімділік келді. Ойында “айғайлай берсін, ата берсін” деген сөз тұрды бүлкілдеп. Таң атты. Сергей атты әскердің тұрағына жүгіріп жеткен шығар, енді қызыл әскер дабыл көтеруі тиіс. Ары кетсе жарты сағаттың ішінде жетеді. Бар-жоғы жарты сағат… Yзақ жарты сағат…
Екі жақ та күтуде. Уақыттың өткені өздері үшін қауіпті екенін басмаштар жақсы біледі. Әбден ойланып жоспарланған шабуыл аяқ асты бұзылды. Енді ондай мүмкіндік келе қоймас.
— Қорқақ шибөрілер. Сендерді де еркек дейді ғой?! Жалғыз адамға бата алмаған өңкей сұмырай. Алға! — деген топ көсемінің айғайы шықты.
Ат тұяғының дүрсілі естілді де, қысаң өткелге салт атты шауып кірді. Аттың үстіне жатып алып, жалды қалқан қылып алатындай. Оқтай атылған аттың жылдамдығына сенген қарақшы, жауынгер көздеп үлгергенше қақпаға жетіп алмақшы. Қауға сақалды басмаштың өлігі болмағанда дәл солай болар ма еді?! Сұлап жатқан мәйіттің жанына дейін шауып келген жануар оқырынып, бір сәтке тежеліп қалғандай болды. Зайнаб үшін осының өзі жеткілікті болатын, жылқының маңдайын нысанаға алды. Жылқының алдыңғы аяқтары шалынысып, екпінімен алға аунап түсті де, дуал қабырғаларына күшпен соғылды. Оңбай құлаған басмаш бір минуттай қозғалыссыз жатып, артынан ыршып тұрды да жылқы өлігінің қалқасына секірмек болған. Бірақ бұл оның соңғы қозғалысы еді. Арқасына соққы болып тиген қорғасын оқтан көктей солып, жерге сұлап түскен баукеспе жан шығарып, аяқ-қолын дірілдетті.
Одан арғысын Зайнаб көрмеді. Атыстың жиілей түскені соншалық айнала гүрсілдеп кетті.
Тақтай қақпа тиген оқтан қалтырап, үн толы қаптардан әлсіреген Тәннен аққан қандай ұн төгілді.
Жерде етпеттей жатқан Зайнаб басын қолымен жауып алған. Аяқталмайтындай көрінген атыс күтпеген жерден тоқтады. Сосын, содан кейін, Зайнаб ешқашан ұмытпайтын нәрсе болды.
Тар көшеден көрінген адамның сұлбасы түсініксіз болғаны соншалық, келіншек басында ештеңе ажырата алмады. Көзін ауырғанша бадырайтқан ол өзіне жақындап келе жатқан басмашқа үңіле қарады, қолында қаруы жоқ сұлба қою тұмандағы бейнедей кейде қосарланып кеткендей болады. Көзін кеңірек ашып қараған Зайнаб қорқыныштан аһылей құлады. Оған жақындап келе жатқан қызыл әскердің киіміндегі адамның бет-жүзі әбден соғылғаннан қанды бетперде жамылғандай. Аяғын әрең алып адымдаған ол екі жағына теңселеді. Ісініп кеткен көзінің еті жолын көрсетпейді. Оның үстіне екі аяғына өз еркімен жүре алмайтындай. Сөйтсе тұтқынның артында қорғансыз құрбандықты қалқан қылған басмаш тығылған екен.
Зайнаб тутқынның жүзіне қарады да, кеудесінен лықсыған өксікті әрең ұстап қалды. Өйткені кеше кешкісін өз қолымен жуған, кеуде тұсының сөгілген матасын көктеген гимнастерканы қалай ұмытсын?! Атты әскердің қатарында ондаған адамның арасынан бірден табатын және күн сайын көз айырмай қарайтын тұлғаны қалай танымасын? Сондай мейірімді әрі жұмсақ алақан ше… Бірақ бет-әлпет… Бет-жүзі онікі емес болатын… Қатқан қаннан қарайған… Және алтын түстес бұйра шаштар… Тұтқынның басындағы кір киізге ұқсас шаңға шыланған қанды кесек бет, сүйікті адамына ұқсай ма?..
Бірақ бұл Сергей болатын. Жалаң аяғымен әбден тапталып қаңсыған қара жерді кібіртіктей басқан ол өз еркімен келе жатпаған еді. Әдетте оны көрген сәтте қуанған Зайнабтың көңіліне қанат біткендей ұшатын. Оның Сергейі, оның қуанышы, арманы және үміті… Яғни ол казармаға жете алмаған болды. Басмаштар қызыл әскерлерден көп нәрсені үйренді. Енді олар алдыға жолды шолып шығатын негізгі барлаушыларды жібере бастапты. Ал қарақшы топтың артында жүйрік әрі белді атқа мінген салт атты топ жүреді. Бақ арқылы атты әскерге жүгірген Сергей тура соларға кез болған болды. Аз ғана шыдаса қайтер еді?..
Яғни көмектен үміт үзуге тура келеді. Атысты қаладағылар ендігі естіген шығар, бірақ бірер минуттардан соң шауып жететін шағын атты әскерді басмаштар жойып жіберуі мүмкін. Негізгі күш кейінірек, ұрыстың дабысын естіген соң келер. Оған шейін басмаштар қойманы басып алып, атты әскерге тосқауыл құруы мүмкін. Ол болмауы үшін бір сағаттай берілмеу керек…
Зайнаб өзіне жақындап келе жатқан Сергейге жүрегі ауыра қарады. Басы салбырап кеткен жігіт ТӘлтіреңдеп әрең жүріп келеді… Басмаш оны мойнына салынған бұғаумен ұстап алған. Тұтқынның артынан сығалай қарайтын қарақшы бетін наганмен қалқалайды. Бірақ “енді кездеспеспін» — деп ойласа да Зайнаб оны таныды. Ол бұрынғы жексұрын күйеуі — мұртты Хайдар болатын. Енді ол келіншек үшін ең қымбатты адамның өмірін өз қолына алыпты. Сергейдің артына тұтасымен жасырынған оны өлтіру мүмкін емес. Ал егер атпаса бірер қадамнан соң мұртты Хайдар қақпаға кіреді, сөйтіп өзін де, қойманы да өлім мен қирау күтіп тұр. Сосын Сергей де… Зайнаб басмаштардың оны тірі қалдырмайтынын жақсы біледі. Олар тұтқындарды аюуандықпен азаптайтыны соншалық, қинаудан гөрі өлім жақсы көрініп кетер. Осы бір ең азапты сәттерде Зайнаб өзі үшін маңызды саналған жаңалық ашты: сүю — тек аяу мен қорғау ғана емес, қажет жерінде сүйіктіңді мәңгілікке жоғалту арқылы құтқарудан да тұрады екен.
Мылтықтың оқшантайын қайырып атылған оқты шығарып тастады. Ұңғыға майлы бөксесі көтеріліп келе жатқан күннің сәулелеріне жылтылдаған жаңа жезді қорғасын сүңгіді. Зайнаб Сергейдің жүрегін, біраз уақыт бұрын ғана өзін толқыныс мен сезімге толып мұқият тыңдаған жүректі нысанаға алды.
Бір кезде Сергей өзін, “Қане оң көзіңді жұмып, шүрішенi сiлкiмей бас. Ақырын, баппен бассаң оқ нысанаға тура тиеді…” деп үйреткен. Бар-жоғы он бес шақты қадам қалғанда Сергей кенет тоқтай қалды да, тіктеліп өзінің ашық қоңыр даусымен айғай салды:
– Шаганэ, ат! Маған бәрібір, ата бер…
Сөйтіп келіншек оның үйреткеніндей істеді. Зайнаб мылтық гүрсілін естімеді, иықты сілкитін соққыны да сезбеді. Ол сүйіктісінің алдыға қарай ақырын еңкейе бергенін, гимнастеркасының кеуде тұсын умаждай ұстағанын және жігіттің саусақтары өзінің тосын әрі баянсыз махаббатындай қызыл түсті қанға қалай боялғанын көріп тұрды…
Ол мұртты Хайдардың өкіре айғайлап, наганын тастай сала артқа қарай қашқанын, шоқырақ тасқа шалынып жығылып, төрт аяқтай масқара күйде көктен бейшара өміріне араша сұрағанын көре алмады. Хайдардан одан өзге не күтуге болар еді?!
Келіншек тура алдында өз өмірімен бірге махаббаты да жоғалатындай жүрегін жанталаса ұстап, жер астынан шыққан ызғарлы суық тұла бойын жайлап бара жатқанын сезген Сергейге қарап қалған…
Арада тоғыз ай өткенде босанған келіншек ұлының атын Сергей деп қойды. Ұлына өзінің ең сүйікті адамы және ғажайып өлеңдер мен өзіне қысқа уақытқа — Шаганэ деген сүйкімді есім қалдырған Рязаньдық ақын әйгілеген атты берді. Олардың екеуі де бұл өмірде жоқ болатын, бірақ солардың титтей ғана жалғасы жас келіншектің бүйірін жылытып, өміріне мән берді.
Зайнаб кішкентай Сергейді бағып-қағып өсірді және оны әкесі секілді мықты да күшті, мейірімді де қайырымды болуға үйретті. Оның үстіне баланың алтын түсті бұйра шашы мен жарқын күлкісі де әкесінен айнымады. Тек ерке Сергейдің жүзіндегі мұңлы қара көздер Зайнабтан көз айырмайтын.
Ол сол бір алыстағы бұлбұл сайраған кешті, бай үйіне қарай жүгіріп өткен таңғы бақты және тар өткелде өз еркімен ең бір ауыр таңдау жасаған күнді жиі еске алатын болды. Бірақ сол таңдаудың дұрыстығына ешқашан күдіктенген емес. Сергейге өз махаббатын ұсынған келіншек, жігіт үшін ең қиын сәтте көмекке жетті және оған мәңгілікке адал болып қалды. Әйелдердің көпшілігі мұндай қадамға барар ма еді?
Сол күні атты әскер уақытында келіп жетті. Зайнабтың наганында жалғыз оқ қана қалған-ды. Оны сүйіктісімен бірге жан қиюға бұйырған тағдырына қуана отырып өзіне сақтады. Алайда тағдыр оның өміріне аналықтың дәмін татуды бұйырыпты.
Келіншек қызыл әскерлер мен басмаштармен арасында болған қысқа ұрыстың егжей-тегжейін мүлде ұмытыпты. Есінде тек, бас сүйегін қылыш кескен мұртты Хайдардың дуалға сүйене құлап жатқаны ғана бар. Екіге қақ айырылған шалмасы өлгеннен соң да кiдiленген кербездігін әйгілейін дегендей құлағына ілініп қалыпты.
Сергейді бүкіл қала болып жерледі. Канибадамдықтардың сұрауы бойынша марқұм көзі тірісінде жақсы көрген нәрселерi Зайнабтың ауласын, таңның атысын және өрік бағының тармағын көріп жатуы үшін биік жотаға жерленді.
Содан біраз өткен соң Зайнаб милициядан шықты. Кітапханада жұмыс істеп, кешкі мектепте білім алды. Содан кейін Ленинабад педагогикалық институтты тәмамдап, зейнетке шыққанға дейін орта мектепте мұғалім болды.
Оның кішкентай Сергейі биік бойлы, көркем жігіт болып ержетті. Жоғарғы оқуға құжат тапсыратын мезгіл жеткенде Зайнаб оның Белоруссияға барып, сонда білім алуына ақыл қосты. Инженер мамандығын меңгерген ол күні бүгінге дейін алыстағы өлкеде қызмет етеді. Кәрі кейуана кейіпті Зайнаб ұлының жетістігіне қуанышты.
Кейуананың ойынша, өмірде де адамның жүрегінде де бос кеңістік болмауы керек. Бір кезде белорус топырағы қызыл әскер Сергейді жоғалтқанымен кейінірек оның ұлы Сергей сол топыраққа оралды. Яғни тепетеңдік сақталды. Енді Канибадамдағы әжесіне немересі қонаққа келді, оның да аты Сергей. Кемпір немересіне атасы ұрысқан жерлерді көрсетіп, соңынан қайтар мезгіл жақындағанда ескі қорымға ертіп барды.
Жақында Зайнаб немересімен бірге Белоруссияға бармақшы. Онда ол ең сүйікті адамы жүрген жерлерге жүрегімен жақындайды. Ұлы болса өздерімен бірге қалуға үгіттеп жүр. Кейуана болса оны тіпті көзіне де елестете алмайды. Санасында көк көзді, бұйра шашты ашық-жарқын бозбала күйінде қалған Сергейді алыстағы шағын шаһарда қалай жалғыз қалдырады? Оның еріндері кейуанаға жұлдызды түндерде бұлбұл даусымен: “Шаганэм, менің Шаганэм!” деп сыбырлайды.
Леонид Чигрин