Қыстырма сөйлемдер не сөз тіркестері жақшаға алынады. Белгілі бір сөздерді түсіндіру үшін оның аудармасы, синонимі т.б. беріледі де, жақшаға алынып жазылады: 1900 жылдың желтоқсанында шетелге “Искра” (“Ұшқын”) газетінің бірінші нөмірі шықты. Газеттің атынан соң “Ұшқыннан жалын лаулайды” деген нақыл сөз (эпиграф) жазылды. Алынған сөйлем, дәйексөздің және мысал қайдан, кімдікі екенін көрсету үшін, оның соңынан жазылған кітаптың аты, авторы т.б. жақшаға алынады: “Абайға сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі – халық әдебиеті деп едік… Бірақ ол мұның да қызығын ерте тояттап, ескірген ел даналығын көп ұзамай-ақ өзіне мұра санаудан қалған сияқты” (Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы. “Ғылым” баспасы, 1966,. Драмалық шығармалардағы ремаркалар (автордың түсіндірмелері) жақшаға алынады: А м а н г е л д і . Миша! (Жайнаққа.) Әкет мыналарыңды! (Жайнақ Жапарларды айдап кетеді.) Миша, аман қайттың ба? (Амандасады.) (Ғ.Мүсірепов.) Мәселенің талас я күдікті екендігін көрсетіп, оқушының назарын аудару үшін, біреуден келтірілген дәйексөздің ішіндегі жеке сөздерге не сөйлемге қойылатын леп, сұрау белгілері жақшаға алынады. Келтірілген мысал не дәйексөздің ішіндегі белгілі бір сөздерді не сөйлемдерді санамалап көрсету үшін, жол-жөнекей қойылатын цифрлар (не әріптер) екі жағынан жақшаға алынады: (1) Жасыл желегін бүркенген қарағайдың арасымен жүріп отырып, (2) Асқар көлдің қабағына шықса, (3) мұз бетінде бірсыпыра кісі сырғанақ теуіп жүр екен. Мұнда үш сөйлем бар… (“Қазақ тілі грамматикасы”).