Түрме

Бұл өмір абақты ғой саналыға…

(Мағжан)

Біздің қоғам борсыған ой, қотыр сөз,

Сізде соған шырматылып отырсыз.

Мен осындай ойсыздықтан ұшынып

Өзімді-өзім өгей халге түсірдім,

тамыр біткен ісініп…

АЙҚАЙЛАРДЫҢ ЖЕР ҚУЫРЫП АПШЫСЫ,

ЖАЙҚАЛЫП ТҰР ЖАНУАРЛЫҚ ТҮСІНІК.

Иә біздер жануармыз кәдімгі

Не демексіз енді сіз.

Себебі біз…

санасы өлі елденбіз.

БІЗДІҢ ҚОҒАМ – ТӘТТІ ҰЙҚЫНЫҢ ТӨСЕГІ,

БІЗДІҢ ҒҰМЫР – ОЯУ ЖҮРІП КӨРГЕН ТҮС.

Анау Алаш заманда

Ахметтің аспан аңқып ұғымы,

Ағып түсті алмас сынды ғұмыры,

Мазақ етіп кісәпір мен азғынды.

ҚАРА ЖЕРДІ ҚЫЗЫЛ ҚАНМЕН СУАРҒАН,

БІЗДІҢ САНА – СТАЛИННІҢ ЕЛЕСІ,

БІЗДІҢ АҚЫЛ – АБАҚТЫНЫҢ МАЗМҰНЫ.

Абайдың да арғытаным ішінен,

Масғұттың мас болуын түсінем…

Мұнымен де тыншымады-ау мұңды шу.

ҚҰЛ-ҚҰТАННЫҢ ҚИҚУЫНА КӨМІЛГЕН

ТЫР ЖАЛАҢАШ ЖЫНДЫХАНА МЕКЕНДЕ

АЛ ІШПЕЙ ГӨР ЖЫНДЫ СУ.

Өтірік пен өңеш жайлы ілімді

ӨРКЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ дейді бүгінгі

Мүгедек ми қырсығым…

ҚАРАҢҒЫЛЫҚ ҚҰШАҒЫНДА ТЕРБЕЛІП

ТАЛЫҚСИДЫ СӘБИ САНА, СОҚЫР КӨЗ

МЕНІҢ ТҮРМЕ ТҮЙСІГІМ…

Ықылас Ожайұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *