Жазушы Шерхан Мұртазаның нақыл сөздері

Шер-ағаның айтқан нақыл сөздерінен:

— Жерді сату — Анаңды сатумен тең!

— Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамда тіл біреу

— Орындалған арман – бақыт, Орындалмаған арман – күйік

— Баласыз адам — бақытсыз адам

— Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел

— Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – жеңіл кавалерия

— «Тәуелді» деген ұғымды тудырған күштілер мен обырлар

— Мәдениеттің мәйегі – кітап

— Ауыл кетсе, ұлттың ұйтқысы кетеді

— Пейілі жаманды құдай табады

— Шын жазушының көзі көкірегінде болады

— Шындық – ащы һәм ажарсыз

— Рухани азып-тозу – өліммен тең

— Күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі таңдағы басты мақсат осы!

— Ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басқа тілдердің жолын кесіп, бағын байлау емес. «Өзің өлме – өзгені де өлтірме» деген сөз. Зорлықпен тұншықтырылған қазақ тілін тірілту әрекеті. Осы да ұлтшылдық па? Жоқ, әлде әлдекімдердің көңіліне қарап өле беру керек пе?

— Ұйықтап жатқан құмырсқаны көрмедім. Бәрі қыбырлап-жыбырлап жем тасып бара жатады.

— Сақтасаң, қазаққа жау болған қазақтан сақта!

— Шикі долбар шикі ойдан туады.

— Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл.

— Театр көбейсе, түрме азаяды.

— Күнәнің ең үлкені – жас баланы алдау.

— Тура келген ажалға амал жоқ. Ал тежей тұруға болатын сәтте қолұшын бермеу нағыз тасқұдайлық.

— Алтын бар жерде әзәзіл бар.

— Мойныңа қарыз қарғыбауын тағып алғаннан артық ауыр нәрсе жоқ. — Тәуелсіздіктің жолы – қатты, дәмі – тәтті.

— Жаңаның тамыры – көне.

— Жер-ананың өкпе-бауыры – орман. Шыбық шаншы, тал тік!

— Өтірік мақтау – асқа у қосып берумен бірдей.

— Жау жаманы – жарамсақ.

— Онсыз да кірленген дүниені кір басқан дүрбімен қарауға болмайды.

— Рух пен намыс – егіз.

— Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!

(Жазушының айтқан сөздерін жинаған Мәншүк Шымырбай)  

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/270496-shera-any-ajt-an-na-yl-s-zderi

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *