-Көк-Тәңірім!
-Көкке ұлыған көк бөрім.
Көкке қарап ойға қалам көп, -көрім.
Кеуде тұстан ұлып тұрад(ы) бір дауыс,
Көкжал қырдың құмар қылып бөктерін.
Көкжал қырда,- балалығым, өткенім!
Өткенімде құдайлығым көп менің.
Тасып аққан өзеніңмен тамырымда,
-Талықсиды жүректегі от демім.
Жар басында, әр тасында ұлылық
Сайтан соққан жел жаңғырып, ұлығып
Сайдан аққан тентек өзен тебінер,
Ақ қайыңның етегіне ұрынып.
Ақ қайыңдай аршылмаған күн алда..
Артасың-ау тәңір далам кінә ұлға.
Оралмай ақ кеттім…
-кеткім келмеді,
Қайран жүрек мың жұбатып, мың алда!.
Көңілімде қына теріп қалған күн,
Жусаныңа кіндігіммен жалғандым.
Тамыры жоқ тастарыңда,-жүрек бар!,
-(Жүрегінде жұмсақтығы жалғанның.)
Берседағы сайқал тағдыр сыйды өктем,
Сыйқы кеткен бұл күндерден күйді өкпем.
Шын өрлікті сенен көріп өстім мен,
Қайыспауды қарағаның үйреткен.
(Апам қайтқан орнындама сол тұрақ?!)
Шақырады күн шығыстан жол жылап.
Құдай жұмақ бұйыртпасын жат жерден!
Сенде жатып тозақ құшсам,-сол жұмақ.
Жел жөтеліп, қозы бұлттар жамырап,
Тәңір таулар тұман көкті жамылад(ы)
Мендік жүрек сол тастардай жұп-жұмсақ
Қырда қалған қаңырап.
Еламан Аманұлы