Шоқан Уалиханов мұралаы туралы ой-толғамдар

Құйрықты жұлдыз секілді,
Туды да, көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады, — дейді хәкім Абай.

Сондай құйрықты жұлдыз секілді жарқ етіп, ілезде жалт етіп жоқ боп кеткен тұлға Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов еді. Биыл оның туғанына биыл 175 жыл толды. Жарық дүниеде небәрі отыз — ақ жас ғұмыр кешкен, оның марқұм болғанына міне 145 жыл толды.Шоқан жас балауса шағын өткізген Сырымбет, барша қазақ үшін қасиетті мекен. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін жесірі Айғаным балаларымен ондаған жылдары түрақты мекен еткен, көне ата-қонысы – Сырымбет олардың еншісіне тиген жер. Бұл жерде тау төскейлерін қаптай өскен қарағайлы ормандар мен шоқ-шоқ қайың ағаштарын, айнадай жарқыраған ғажайып сұлу көл айдындарын қызықтау қазақ баласы үшін өзінше бір ғанибет. Сырымбет Солтүстік Қазақстандағы тарихи аңызға айналған ғажайып табиғи жаратылысы айрықша өңір. Жазғы демалыс кездерінде Шоқан сахарадағы өзінің ауылы – Сырымбетке баратын. Мұнда Шоқан ашық аспан астында, тұнық таза ауамен тыныстайтын, еркін ойға берілетін. Оның сана — сезімі ерте оянып, рухани өсіп, жетіле беруіне әжесі Айғаным үлкен әсер етті. Қазақтың дәстүрлері мен салтын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан ұмытпай есінде сақтады. «1853 жылы 19 ноябрьде, бейсенбі күні, екінді намаз кезінде қырғыз — кайсак орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі, Сарғалдық қызы Айғаным 70 жасында дүние салды. Омбыдағы Батыс Сібір генерал губернаторының жанында төтенше тапсырмаларды орындайтын офицер қызметін атқарып жүрген Шоқан Айғаным қайтыс болды деген хабарды алған бойда Сырымбетке арнайы келіп, әжесімен қоштасып, ақырғы сапарына шығарып салады. Сырымбет қазақ ұрпағы үшін тарихи-мемориалдық ескерткішіміз болып қалды. Қазақтың сол қасиетті әсем таулы жоталары мен қайыңы жайқалған, айдын көлдері көз тартатын жеріне, өмірінде тым болмағанда бір барып тыныстауды ғибадат етіп қайтуы әр қазақ үшін парыз. Парыз, өтелмесе қарыз. Кейінгіге өсиет осы.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайту үшін саналы жастарды білім мен біліктілікке ұлт теңдігі мен туысқандық рухында тәрбиелеу міндеті тұрады. Осынау күрделі де, тәрбие мен оқытудағы жауапкершілігі зор істегі қадамымыз Шоқан, Ыбырай, Абай мұраларына ден қойып зерттеуден басталса игі. Шоқан тағылымы біздерге, ұлттық тарихи сана мен ойдың жетілуіне, кешегі өткенімізге жаңаша көзқарастың қалыптасуына жол ашады. Бізге Шоқан мұралары құндылығымен қымбат. Ол өзінің қысқа ғұмырында Ресейде оқып, орыстың ойшыл демократтар қозғалысының өкілдерімен байланыс жасап, қарым-қатынаста болды. Орыс ғалымдары, жазушылары ортасында болып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, өз көзқарасын ашық білдірді.Өзінің ғылыми және саяси білімін көтерумен ұдайы шұғылданды. Кадет кезіндегі оқыту бағдарламасында әскери арнайы пәндермен бірге жалпы география, тарих, орыс және шетел әдебиеттері, философия негіздері, физика, химия, арифметика, алгебра, геометрия, тригонометрия пәндері және ауыл шаруашылығының негіздері оқытылды.Сонымен қатар сызу мен сурет салу жүргізілді. Француз және шығыс тілдері де оқытылды. Шоқан корпустағы оқу жылдарында көптеген шәкірттермен тығыз қарым-қатынаста болды. Мұның өзі Шоқанға ойлануға, оқуға, қоғамдық мәселелерге ден қоюға үлкен ықпал етті.
Азия елдерін (Қытай, Үндістан, Ауғанстан, және Персия) оның халықтарының орналасуы, халықтардың тегі, діні, өмір салты; Қытай империясы; кеңістігі, құрылымы, басқарылуы, билігіндегі жер, оның қорғауындағы жер; Тұранның географиялық және саяси жағдайы кеңінен қамтыла оқытылды. Оқу бағдарламасында Ресей империясының географиялық (өнеркәсібімен ауылшарушылығы туралы мәселелер) аймақтары кең көлемді қамтылды. Әсіресе, Қазақстан географиясына айрықша көңіл бөлінді. Бұл қазақтар жерінің табиғи байлықтарын зерттеп, игерумен империялық әскери – стратегиялық мүддеге сәйкес көзделіп істелді. Бұл ретте, құжаттарды оқысақ; «Қырғыз(Қазақ) даласының шекаралары, кеңістігі, жерінің сипаты, өзендері және көлдері; судың өзіндік ерекшеліктері, қатынас жолдары, керуендер өтетін тау жолдары, тамаша – алқаптар, климат және табиғи байлықтары. Қырғыздардың саны, тегі, тілі және діні, бостандығының басталуы, хандық өкімет билігінің жойылу уақыты. … Қазақ даласында нығайтылған бекіністер және тамаша станицалар пайда болды. Қырдағы мал жайылымы болған жерлерде казактар заимка, кордондар салып, орманшы ұстайды. Отын сұрап келгендерге «әуелі православие дінін қабылда» деп шарт қояды, қазақтарды христиан дініне кіруге осылайша, мәжбүрленді. Батыс Сібір генерал губернаторы Дюгамель және басқалары бастаған бұл тобыр бұған қарсы болған Шоқанның ізіне түсіп, оған жауыздық пен қаскөйлік жасайды. Сол қабілетсіз, нағыз зердесіз патшалық әкімшілік ортада Шоқанның өмір сүруі мен әскери қызметіне, адами қалыптасуына қиындық туады. Сондықтан да Шоқанның орыс әкімшілігі мен әскери шенеуніктерінің қазақтарға жасаған қысымына, наразылығы күшейе түседі. Алғаш 1855 жылы Шоқан генерал-губернатор Гасфорттың қазақ өлкесіне сапарына қатысады. Ол Оңтүстік Қазақстанды, Жетісуды және Тарбағатайды аралайды. Бұл сапар жас Шоқанға үлкен әсер қалдырды. Қазақтар өмірімен жақын танысып, тарихи аңыздары мен өлең, жырларын жазып алды.
1856 және 1857 жылдары Шоқанға шұғыл әскери бұйрық беріледі. Саяхатта ұзақ жүріп, қажетті «материал» жинау міндеті жүктелді. Мәселен, Ыстықкөл, Құлжа жол сапарларында ұзақ уакыт болды. Жергілікті табиғи жер, суды көзбен көріп, халық тұрмысымен, сауда — саттық қатынас орнату мәселесімен шұғылданды. Ендігі сөз, Шоқан Шыңғысұлына міндеттелген орыс үкіметінің құпия да аса жауапты тапсырмасын орындау бағытында істеген тындырымды ісін түсінуге байланысты жалғасады. Қазіргі заман талабына сәйкес алыс жақын елдер қарым-қатынасының өркендей дамуында Шоқан білімі мен дипломатиялық қызметінің қандай маңызды сипатта болғанын ұғынып, одан кажетті сабақ алуымыз керек. Қазіргі заманда Тәуелсіз қазақ елінің қалыпты дамуының түпкі мақсаты және қажетті нәтижесі Қазақстандағы тұрып жатқан халықтардың өзара түсіністігін баянды ету. Бұл қазіргі қазақстан халқы қалыпты дамуы үшін қажет.
Шоқан өз туған халқына және басқа халықтарға ешқандай да, опасыздыққа жол берген емес.Ол Ресейдің барлық халықтарымен қазақтардың өзара қатынасын, олардың жақындасуын қалады. Ендеше, оның мүдделері мен тарихи міндетін мына біздер, Қазақстан халқына түсіндіріп, жас ұрпаққа арнайы білім арқылы тәрбие беруіміз басты міндет. Шоқан өзінің көрген-білгенімен қанағаттанған емес, қазақ халқының тарихи жағдайы туралы өзіне дейін табылған және жазылған нәрселердің бәрін оқып шықты. Ол қолына түскен сирек орыс тілді кітаптарды мұқият зерттеді. Шоқан жас кезіннен бастап, оқыған кітаптарынан өзіне-өзі рухани қуат берді. Қазақтардың саяси және экономикалық құқықтарының аяқ асты болғанын ашық айтты. Мұндай әділетсіз шешім қабылдаған патшалық үкіметке наразылығын да білдірді. Бұл жөніндегі ойын орыс зиялыларымен арадағы хаттарында ашық жазды. Құдіретті патша үкіметі қызметіндегі әскери шендегі билік басындағы шенеуніктерге қарсы қаһармандықпен күресті.
Шоқан қаламынан шыққан мақалалар сол замандағы халықтар жағдайы жақсы суреттелген. Оның тарихи және этнографиялық еңбектері бүгінгі оқушысында тартады, қызықтырады.
Терең ғылыми ой мен тың пікірлерге толы Шоқанның бізге жеткен : « Қырғыздар туралы жазбалар», «Көкетай ханның өлімі және оның асы», «Шығыс Туркістанға саяхат күнделігі», «Кытай империясының Батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Қашқарға барған және Қашқардан Алатау округына кері қайтқан сапарымыз туралы», «Алтышаһардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бүхараның) шығыстағы алты қаласының жайы туралы», «Алтышаһар немесе Қашқария туралы», «Өлкенің үкімет басқару жүйесі мен саяси жағдайы», — деген сүбелі еңбектері, тарихи дерек көзіне аса бай, мол рухани мұра болып қалуда. Жоғарыда аталған шағын еңбектерін бірнеше томға бағалауға болады. Сауал: Шоқан еңбектерін біз өзіміз оқып, толық игеріп болдық, деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, біз бұл бойынша ештеңе істегеніміз жоқ. Екі-үш ғалымның, бірер ізденушінің жазғаны дәнене емес. Тіпті сол Шоқанның 30 жыл бұрын қазақша жарияланғанының көзден де, көңілден де таса болғанын немен түсіндіреміз. Шоқан мұраларына тарихшы да, әдебиетші де жете мән бермейді екен, енді не істегеніміз жөн. Сөз бұл тұста, Шоқан мұраларын бүгінгі ұрпаққа немесе бүгінгі замандастарға мәтін бойынша таныту жөнінде нақты іс-шаралар қажет.Мәселен, Санкт-Петербург кітапханаларында сақталған араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбаларды жақсы оқып, саралай зерттеу мәселесін қойып, шешу басты міндет болып отыр. Бұл оңай шешілетін, қарапайым нәрсе емес…
Сонымен, Шоқанның еңбектері қазақ оқырманына кеңінен насихаттауы керек. Бұл мәселеде пікір біреу, шындықты айту – жаратқанға да, пендеге де пайдалы нәрсе. Алдымен талантты талант деп өзіміз танығанымыз керек. Шоқан сынды зиялының, қазақ ғалымы болғанын және оның идеясы ұлтымызбен бірге жасайтынын сезіну барша қазақстандықтар үшін қажет! Шоқан Уәлиханов ерлігін паш етуді оның өз сөзімен айтсақ, ол: «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» деген екен. Шоқан мұралары – ұлт тарихы мен ұлт санасына серт!
Айрықша бөліп айтатын енді бір мәселе. Шоқанның қазақ және орыс халықтары арасын біріктірушілік рөлі жеке қаралып, ашылған емес. Қазақ және орыстық орта Шоқанды көреген етіп тәрбиеледі. Шоқан Шыңғысұлы өзінің Жетісуға, Ыстықкөлге және Батыс Қытайға жасаған саяхаттарында, жол үстіндегі көргенін, байқағанын, жаратылыс табиғат ортадағы адамдар көзқарасын тіршілігін жіті қарап, өз күнделігіне тартымды сөзбен, ойлы көзқараспен түйгендерін түсірді. Жергілікті халық тыныс-тіршілігіне қызыға көңіл аударып,аса кұнды, ғылымға қажет деректерді молынан жинады. Онда еуропалық ғылымға белгісіз болып келген халықтардың әдет-ғұрып,тұрмыс-салтына жіті мән беріп, нақты материалға жүгінеді. Әйтсе де, Шоқанның осындай маңызды да, аса құнды туындыларының толық жинағы қазақ тіліндегі басылымы күні бүгінге дейін Қазақстанда жарық көрмей келді.
Шоқан Шыңғысұлының бізге жеткен мұраларында қазақ халқы және басқа ортаазиялық халықтар өмірінің ең жанды мәселелері қамтылды. Мәселен, қазақ жеріне иелік, өктемдік және заңсыздық әкелген империялық саясатты ашық және батыл сынады. Ол жергілікті биліктің халықты ауыр езгі мен қыспақ жағдайына душар еткенін айтты. «Ашықтан-ашық аямай сорады» деп жазды. Ол өз жұртынын тұрмыс жағдайына ерекше көңіл бөлді. Халқының бостандығы жолында күреске Шоқанның араласа бастағанын патша шенеуніктері қағыс қалдырмады. Қазақтың кең байтақ жері; жайлауы мен қыстауы, өзен-көлдері мол кеңістігі ерте замандардан жеке-жеке тайпалардың ордалы мекені болды. Бүгінгі заманымызда кешегі көшпелілердің шыққан тегін, жер атауын анықтай зерттеуді қиындатып отырған мәселе, ол империялық үкімет жүргізген саясат жағдайында, көптеп келген казак және орыс шаруалары көшпелі мал шаруашылығына қолайлы қазақ жерін басып алу арқылы байырғы жер, су атауларын орыстық ұғымға лайықтап өзгертті. Орыс шаруаларының жаппай қоныстану және орналасуына байланысты жүргізілген әкімшілік шараларының іске асырылуы кезеңіндегі, қыспақ пен қуғын көрген, жергілікті қазақтардың өз атамекенін тастап, құмды, шөл далаға, ауыл-ауыл болып көтеріле қоныс өзгертуі ауыр соқты. Мәселен, қазақ жеріне, жаппай қоныс аударған орыс-украин келімсектеріне ешбір тежеу қойылмады. Әсіресе, қазақ жерлерін жаулап, басып кірген,оны алғашқы қоныстанған патшалық әскери казак жасақтары болды. Ресей империясының шекаралық шебіндегі негізгі әскери күш қаруландырылған казактардан құралғаны отандық тарихтан белгілі. Мәселен, Россия империясында жасақталған барлығы: 11 казак әскери құрамасының төртеуі (Орал, Сібір, Орынбор, Жетісу – Қ.Қ.) жаулап, басып алған қазақ көшпелі мал шаруашылығына жайлы жерлерінде жаңа бекініс шебіне орналастырылды және тұрақтатылды.
XIX-шы ғасырдың 80 және 90-шы жылдарында негізінен көптеп тұрақтаған жеке Сібір казак әскері – 5 млн. десятина, Орал казак әскері – 6 млн. десятина және Жетісу казак әскері – 610 484 десятина, жалпы алғанда барлығы — 11 610 484 десятина мал жайылымы мен егіншілік жерлерді иемденіп алды. Осынша, басып алған қазақ көшпелі мал шаруашылығына қажетті ұшырайлы, орманды, ашық мол су көздері жайылымдық жерлерді, қоныс аударып келген орыстар мен казактар өз қалауынша және еркінше пайдаланды, иеленді. Көп далалық жерлердің бос, құлазып, игерусіз жатқанын жергілікті патша әкімшілігі білді. Россияда шыққан басылымдардағы, дереккөз материалына жүгінсек; игерусіз жатқан казак және орыс шаруалары иелігіндегі жерлерін шектеп, көшпелі қазақтар мал жайылымы кажетіне қайтарып бергізу турасында мәселе көтеріліп, жергілікті орыс билік-әскери казак әкімшілігі Қапал және Вернен уездері бойынша, артык, игерілмей, бос жатқан жерді қазақтарға кайтарылсын деген шешім шығарған.
Шоқан қазақ халқының ауыр тауқыметін жеңілдету жолын іздеп, ойластырды. Оған бар ынтасымен ұмтылыста жасады. Мәселен айтар болсақ, Атбасар оқиғасы 1862 жылғы, яғни, Атбасар окруғына аға сұлтанын сайлаған кезде Шоқан Уәлихановтың сол орынға өз кандидатурасын ұсынуы арқылы ізденісі дәлел. Шоқан өз еңбектерінде қазақтардың мәдени және экономикалық жағынан өзінше дамуына үміт және сенімде болды. Н.М. Ядринцев: «Шоқан өз халқын сүюден айныған жоқ, ол еуропалық ағартушылықпен өз халқының ұлттық қасиетін ұштастыруды армандады»,- деп жазды. Шоқанның өз туған халкы алдында сіңірген еңбегін бірер сөзбен былай деп, түйіндесек болады. Ол халқын өзін өзі тануға, өзін — өзі түсінуге шақырды, сөйтіп, арманының орнына ғылымды барынша игеру мәселесін қойды. Оған мысал ретінде өзінің еңбектерін қайталап, окығанда, ұстанған, салыстырма түріндегі келтірілген мына төмендегі жолдары ақылға сыйымды. Шоқанның мына ойын жүрек сезімімен оқысақ: «Тауда өмір сүрген соң жайдары, бейқам халық бола қою қиын. Керенау жалқаулықтың қадірін тек сахаралықтар ғана бағалай біледі, тек сахаралықтар ғана келешекті ойламай, қайғы, қасіретсіз өмір сүре алады… Тек сахаралықтар ғана уайымсыз, көңілі шат жүре алады. Рахат тыныштықты бағалай біледі, деп, сын көзбен қарап, өз халқының тіршілігі жағдайына салыстырмалы пікірін білдірді.Өзім сахаралық болған соң сахараның қызығына түсіп кеттім білем…» дейді. Енді тағы да бірде: «Қытайлар оңтүстіктің шыжыған ыстық күні мен нәрлі суының арқасында ғана күн көріп, жан бағып келе жатқан халық» — депті. Сөйтіп, салыстырма түріндегі ойын Шоқан: «…біздің жерімізді(қазақтың-Қ.Қ.) құнарсыз деп кемсініп, кәдеге асырмай отырған Астрахань мен Орынбор губернияларындағы диқаншыларымыз(орыстарды айтқан-Қ.Қ.) Қытайлардан үлгі алса болар еді»-деп жазды. Мұнда өз халқының болмысына сын көзбен қарап, адамның сана-сезімін оятуды максат еткенін байқау қиын емес.
Шоқан еңбектеріндегі ендігі бір ерекше тоқталатын мәселе мынау.
Қазақ ғалымы Шоқан, ұлттық шектеушілікке ашықтан-ашық қарсы болды. Халықтар достығы бастамасын қолдап, қорғады. Дамыған елдердің барлық жақсы қасиеттерінен үйрене жүріп, қабылдау бастамасына ден қойды, паш етті.
Бүгінгі Қазақстанда Шоқан Шыңғысұлының бастамасы – корегендік идеясы, еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған ішкі және сыртқы Қазақстан Республикасының саясатында нақты көрініс тауып іске асырылуда, деп сеніммен айтуға болады. Кез келген мемлекет тұрақтылық жағдайында дамуы үшін оның территориясы жері, байырғы халқы, озіндік тілі болуы шартты екенін жиі жазып, айтып жүрміз.
Шоқан: «Өмірдің жоғары үлгісі» туралы көзқараста болды.
Ендігі бір мәселе Шоқан өмірінің соңғы жылдары. Осы бізді ерекше ойландырады. Оның өз сөзімен айтсақ,: «Көппен жалғыз алысуға шама келмесін түсіндім, шындық қанша қасиетті болғанымен адасқанның алды жөн бола береді екен, әсіресе, уақыт солай өтіп тұрса амал жоқ»,-дегенін күні бүгінге дейін неге, калайша, ескермей келеміз. Ол Омбыға(1862 жылдан кейін – К.К.) келісімен облыстық басқарманың заң комиссиясының қызметіне қызу араласты, қазақтың дәстүрлі, сот ісін сақтап, оны жүргізудегі кейбір мәселелерді анықтап зерттеді. Өкінішке орай, Шоқан өмірінің осы бір жылдарына байланысты тың зерттеулер, тарихи сараптамалык енбектер әзірге болмай отыр.
Шоқан өмірі және оның шығармашылық еңбектеріне байланысты жекелеген мәселелерді қарастырудан аспай келеміз. Оның өзі көрген, байқаған, араласқан әскери қызметі және шет елге – Батыс Қытай, «саяхатына» байланыста тарихи кезеңдерін тұтас мәселе ретінде алып, қарастыратын, зерттейтін, сараптайтын уақыт енді келді ғой деймін.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайту шараларын іске асыру жағдайында мәселені ауқымды қойып, сараптай зерттеуге мүмкіншілік жасалғанын накты іспен баянды ету керек. Бұл ауқымды шығармашылык істе, әдебиет және тарих саласында шығармашылық қауым, мемлекетіміздің қолдауын қажет етеді. Шоқантануға байланысты мәселені кеңінен койып, қарастыруда басты тұлға болар білімді де білікті мамандар қажет. XX-шы ғасырда бас көтерген, ұлттық үнімен тарих сахнасында көрінген, ойшыл Міржақып Дулатовтың үні айбынды «Оян, қазақ» үні Шоқан ой-толғамдарымен үндесіп, жалгасканын, рухани байлық сабақтастыгында жатқанын, неге айтпасқа.
Абайша айтқанда, «Ой көзімен қарасаң…» Шоқан өз мұраларымен, біздерге, қазақ халқының бүгінгі ұрпағына, биік ойлы рухын қалдырған Алаш қозғалысына «терезені» ашты деген оймен сөзімді жалғастыра отырып түйіндеген дұрыс шығар. Шоқанның қысқа өмірі, әлі де зерделене, сараптай зерттеліп, ашылмаған әлем ретінде калып отырғаны өкінішті-ақ!
Әйткенмен жанаша козкараспен казак тарихын зерттеуге кадам жасайтын ынтасын ояткан жас буын, жаңа толқын келеді деген сенімді жоғалтпайық. Сол жолда, дарын тарихшы мамандарды көбейту, бағдарымызды өзгерту үшін мақсатты нактылыкка бастайтын іс-қимылда өнегелі – үлгі боларлық тұ лга болсын деп тілейік.
Қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ қарасөзінің қас шебері Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Шоқаны бар ел, шоқтығы биік ел» екенін солар дәлелдеп берер.

Қайсар Құсайынұлы.
Абай атындағы ҚазҰПУ – дің профессоры

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ч.Ч.Валиханов. Полн.собр.соч.в пяти томах.Алма-Ата,1980-1985
2.Шоқан Уәлиханов.Таңдамалы. Алматы,1980.9бет.
3.Бұл да сонда,19бет.
4.ГАОмО. Ф.19,оп.1,д.34.лл.43-44.
5.Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы,1980. 581бет.
6.С.Асфендияров «История Казахстана сдревнейших времен». Алматы, 1993. С.187бет.
7.Вопросы колонизации, 1914. №15.С. 426ет.
8.Н.Ядринцев. Шоқан Уәлиханов туралы естелік, 39бет.
9.Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы, 1980. 134б;200бет.
10. Юсупов Эржан Подвиг Чокана Валиханова. Открытие Кашгарии. Санкт-Петербург,2009.
11. Чокан Валиханов в Санкт-Петербурге. Серебряный век.Санкт-Петербург,2009.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *