Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты Сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесіне жеткізді. Сіз осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келіп отырсыз. Адам баласының өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Сөйтсе-дағы мерейлі 75 жастың орны мүлдем ерекше екені баршаға мәлім.Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен ағалықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар істерді үкілеп келе жатқан сіздің бойыңыздан ізгі қасиеттерді көреміз.
Сіз еңбекте қажыр-қайратыңыздың арқасында талай абырой биігінен көрініп, ұрпағыңызға үлгі болар абзал жан ретінде өзіңізді таныттыңыз. Өзіңізді ерекше қасиетіңізбен даралап тұрған да әулетіңіздегі тектілік тамырының тереңде жатқанынан болар. Баба текті бауырларыңыздың, өзіңіздің де өрелі ілім алып, елге қызмет етіп, асылдың сынығы екендіктеріңізді дәлелдеулеріңіз тектілік феномені, тектен нәр алғанның тозбайтынының көрнісі дер едім. Қасиет пен кие дарыған туған жер – тұлғаның темірқазығы. Көшпелі халыққа құтты қоныс, өсіп-өнген өңір болып келген, қиялға қанат бітіріп, талай жырға арқау болған киелі Көкшетаудың табиғатына Сіз адал қызмет еттіңіз. Ерен еңбегіңіз әрқашан Елдің есінде болмақ.
Иә, жеті асудың бел ортасына келген Сіздей ағамыз Елге ғана емес, отбасында да тамыры терең бәйтеректей тірегі болып, абыздай ардақты ақсақал атанып отырсыз. Сіздің ғұмырыңыз бізге үлкен өнеге. «Үлкені бар елдің құты бар» деген қазақ. Сіздей үлкендер ел ішінде қазыналы қарт екенін көрсетіп жүрсе, жас ұрпаққа үлгі болары хақ. Құрметті Шабдан аға, Сізге бүгінгі 75 жасқа толған мерейлі тойыңызда денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт тілеймін!