Құрметті әріптестер, санаулы күндерден соң біз 16 желтоқсан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесін тойлаймыз. Қадірлі де, қастерлі Тәуелсіздік күні – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін айрықша, ұлық мереке. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз» деген еді. Еліміз биылғы жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесінен шықты. Біз үшін жаңа дәуірдің есігі Тәуелсіздікпен, бостандықпен ашылды. Азаттықтың ақ таңы сол үшін де қадірлі, қастерлі бола бермек. Сан ғасырлық қиын-қыстау кезеңнен, соқтықпалы-соқпақты жолдан өткен халқымыз ұлан-ғайыр жерін аман-есен сақтап, тілі мен дәстүрін жоғалтпай жаңа ғасыр алдында Тәуелсіздікке қол жеткізген еді. Міне, ширек ғасырдан асса да еліміз бен ел бастаған ерлеріміздің арқасында Қазақ аты әлемге танылды. Рухы асқақ, тұғыры биік қазақтың әні аспанда асқақтап, биі көкте шалқыды. Бәрі де ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздіктің арқасы деп білеміз. Осынау ұзақ тағдырлы тарихтан сабақ алып, бабамыздың арман-мұраты орындалған Тәуелсіз, бейбіт күнімізді қастерлей білу біз үшін басты мақсат.
Ширек ғасырлық шежіреміз бізді мерейлі мемлекет ретінде әлемге танытты. Бағытымызды белгілеген Ұлт жоспары ұлағатты жолға бастап келеді. Алдағы уақытта да абыройымыз асқақ болады деп сенемін! Құрметті әріптестер, Сіздерді Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.! Еліміздің ырыс-несібесі молынан болып, татулығы арта берсін!