70 жылдық тойға бата  

 

Әмин деп қол жайыңыз тойға бата,

Үйіңе мейман келсе қойға бата,

Батаның әрбір түрлі тарауы бар

Қалдырған үлгі-өнеге Адам-ата.

 

Тойыңыз қайырлы боп, құтты болсын.

Мейманың риза болып, көңілі толсын

Отбасың ел-жұртыңмен аман болып,

Баянды басыңызға бақыт консын.

 

Ақ орда қоныс еткен сарайыңыз

Ұл мен қыз өсіп-өнсін маңайыңыз.

Құрметіне ұрпағыңның бөлене бер.

Ақ тілек айтады ғой талайымыз.

 

Қайырлы жетпіс деген жасыңызға,

Бір Алла ғұмыр берсін басыңызға

Кең болып дастарханың мейманыңа,

Ақ бата дәмді болған асыңызға.

 

Ұл-қыздың берік болсын ынтымағы,

Келін мен кұйеу бала күн шуағы.

Отырсың ортасында алтын діңгек,

Алланың сізге берген ол бір бағы.

 

Той деген қуаныш қой жайлау болсын,

Ән мен күй көңіл назы байлау болсын.

Мейманның киелі сөз батасы бар,

Ордаңа баянды болып бақыт қонсын.

 

Ұл қоныс, қызың өріс қиялдағы,

Көңілге жайлау болған тиянағы.

Жетпістен әрі қарай жасай берші,

Алладан қайырлы өмір сұрадағы.

 

Отаным отбасымен аман болсын,

Бейбітті жер үстінде заман болсын.

Тілейік баршамызға ашық аспан,

Батамыз осыменен тамам болсын.

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *