Өсиет пен қасиет

Құлақ салшы сөзіме,

Сақтап жүрші есіңе.

Тағдыр айтып келмейді,

Қалып жүрме кешіне.

 

Тәкаппар болып тірлікте,

Күннен күнге үдеме.

Есерлікті әдет қылып,

О дүниеде жүдеме.

 

Ысырапқа да сұрау бар,

Көп жорытқанға тұсау бар.

Шалқытып оны жібермес,

Артында оның жылау бар.

 

Жаратқанға жағымды,

Адал еңбек кәсіп бар.

Қанағат етсе әркімге,

Жететұғын нәсіп бар.

 

Еңбексіз тауып көп жима,

Ысырап  болып жүрмесін.

Қайырсыз болып жиғаның,

Достарың саған күлмесін.

 

Шапағат етсең жарлыға,

Сауабы тиер малдыға.

Қиямет махшар күнінде,

Қайыры келер алдыңа.

 

Ғибадат таза жүректе,

Адал еңбек білекте.

Дастарханмен қол қайыр,

Пиғылыңды жүдетпе.

 

Таза ақыл болса адамда,

Жайылар сөзі ғаламға.

Нәпсі тиып сөз бермес,

Үлгі алар ұрпақ балаңда.

 

Нәпсі адамды аздырған,

Теріс жолға бастырған.

Арақ келіп қосылып,

Еблес болып басқа ұрған.

 

Ғаріпе етсең қол қайыр,

Пайдалы саған сауап бар.

Қақын жесең олардың,

Алдыңда саған тозақ бар.

 

Ақылы кемді алдама,

Соң беремін деп жалдама.

Қиямет махшар күнінде,

Құтыла алмай зарлама.

 

Көңілсіз болар бұл сөзім,

Қарта байдай сараңға.

Арақ қуған наданға,

Жетесіз туған наданға.

 

Осылай өмір біте ме,

Қара жер бізді күте ме.

Әнкүр-мәнкүр қолға алып,

Жүндей сабап түте ме.

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *