Әріп ақынның жасырақ кезі болса керек. Бір тойда айтысып, қыз-келіншектерлің бәрін жеңіп шығады. Намысқа тырысқан әйелдер қалайда Әріпті сүріндіргісі келеді. Әріптің аты әйгілі болғанмен, дәулеті шағын, оның үстіне баласы өзіне тартпаған бос белбеу, момын екен. Осы жағдайда білген бір келіншек аттанайын деп жатқан Әріпке былай депті:
Хош, сау бол,әріптесім ақын Әріп
Адамсың есептесем нағыз ғаріп.
Малың аз, дәулетің жоқ, балаң нашар
Қартайсаң күн көрерсің қайда барып?
Сонда бір аяғы үзеңгіде, бір аяғы жерде тұрған Әріп:
Ол рас, дәулетім аз, баста панам
Жүректе сол бір жері бітеу жарам.
Артыма үлгі етерлік сөз қалдырсам
Баласы Арғын, Найман менің балам- деген екен. Оның жауабына разы болған жұрт оны қайтадан аттан түсіріп, тағы да мол сый-құрмет көрсеткен екен.