Енеменен келінге баға қойдым,
Парасатын бағалау менің ойым.
Кәрі мен жас арасы екі дәуір,
Ақылсызға әрқашан күнә қойдым.
Бұл ене де кезінде келін болған,
Ағайын маңғаз басып керім болған.
Басынан жастық дәуір өткеннен соң,
Келіндерге мін таққыш сенім болған.
Келіндер бәрі бірдей жаман емес,
Кәрілер де бәрі бірдей надан емес.
Ақ ниетті таза жүрек адам болса,
Арасында ешқашан болмас егес.
Адамның терең ойлы парасатын,
Сыйластық бір-біріне жарасатын.
Кәрінді ренжітпей құрмет етсең,
Алдыңнан ертең шығар шапағатын.
Боласын бүгін келін ертең ене,
Кәріңді жөнсіз қинап жәбірлеме.
Адамға жастық дәуір көп тұрмайды,
Мүмкін сондай бір сайқал кез келмесе.
Адамға ашу дұшпан, ақыл мирас,
Ақыл болса әрқашан болар сыйлас.
Береке-ынтымақтың бірлігінде,
Бұрынғы айтып кеткен Қыдыр Ілияс.
Кей келін ата-енесін сыйламайды,
Шаруа істеп үй ішін жинамайды.
Адамдық қасиетті санасы жоқ,
Әуестікпен әрнені қуалайды.
Кей келін ата-ененің баласындай,
Көзінің ағы менен қарасындай.
Ағайын, құдаңдалы бәрі туыс,
Қабыл ғып тілегінді берсе құдай.
Ененің де жақсы менен жаманы бар,
Жасы толған ойы орта наданы бар.
Үлгілі өнегелі тәрбие жоқ,
Жас келінге тиетін залалы бар.
Жақсы ененің етек-жеңі кең болады,
Ақыл менен парасаты тең болады.
Бұл ененің қолына түскен келін,
Үлгі алып кұрмет еткен жөн болады.
Жақсы ене мен жақсы келін некен саяқ,
Мағрұптан Мәшрүп нәсіп еткендей-ақ.
Бұлардың өсіп-өнсе ұрпақтары,
Қарттары арманына жеткендей-ақ.
Мінезі кей келіннің сүйреңдеген,
Үлкеннен инабат қып именбеген.
Әрине кездеседі мұндай келін,
Ізгілік туғанынан үйренбеген.
Секен шешен