Орта жүз Қаракесек Қазыбек, Кіші жүз Алшын Қаражігіт, үш жүз бас қосып, ақылдасатын бір мәселе болып, бір орынды уағда қылып, ел ағасы Төле бидің алдына бармаққа сөз байласыпты. Аталған күнде Төле бидің ауылына келіп түсіпті. Үй тігіліп, мал сойылып жатады. Сәлемдесіп, далада отырғанда Төле сөз бастайды. –Уа, әлеумет, құс ұшса қанаты талатын, ат жүрсе, тұяғы тозатын, ит арқасы қияннан келіп отырсыздар. Осы аттың күші қай жерінде?-дейді. Сонда біреу отырып, аттың күші алдында дейді. Енді бірі аттың күші артында дейді. Енді бірі аттың күші алдында да емес, артында да емес, аттың күші ортасында дейді. Төле ортасында дегенге қадала қарайды да, аттың күші алдында да болмайтын, артында да болмайтын, ортасында болатын себебі қалай дейді. Бас басшы, арт қосшы, астында төрт тіреуі бар, ортасы арқалық емес пе. Күш ортасында болатын себебі сол дейді соңғы айтушы жігіт. Тағы да Төле: -Бұрынғылар айтқан екен би екеу болса, дау төртеу болады деп. Үш ел үш жаққа тартып, дау бітімі бытырамасқа Төле би атап қойса қалай болар екен. Оған қауым дұрыс дейді. Бірақ төре билікке талас болады. Ұлы жүз біз боламыз, өйткені қара шаңырақтағы жолымыз үлкен дейді. Сонда манағы аттың күші ортасында деген жігіт тұрып: Аға төреші болмайды, алдында қаймығары жоқ. Іні төреші болмайды, артында қайырылары жоқ. Қаймығарлық алдында ағасы бар. Қаймығарлық артында інісі бар екі жақтың да қаупі зор. Сол себепті билікті әділ айтатын Төбе билік ортаншы ұлға лайық дейді. Төле қарт сонда жігіттерден жөн сұрайды. Аттың күші басында деген ұлы жүз жігіті Алшын Қаражігіт. Ал аттың күші ортасында деген Орта жүз Қаракесек Қазыбек:
Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақсы сақа ғой.
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы аса аға ғой- деген бұрынғылардың айтуы бар еді, уа, жаным, Қазыбек, төбе билік абыройын саған бердік, айтқан сөздеріңнің бәрі жоба болсын деп Төле оң жағына отырғызып, батасын береді.