Жақсы өтсе дүниеден аңыз қалған,
Тыңдасын аңыздарын маңыздалған.
Өтті деп Салық молла ел айтады,
Куәгер өткендерге мына жалған.
Дағдыр бар бір тәңірден пендесіне,
Түсінік бірер сөзім жерлесіме.
Еске алсаң ел жақсысын сауабы бар,
Сөзінен шариғаттың термесінде.
Керейде ғадыл өткен Салық молла,
Әр кімнің ғибадатын тәңір қолда.
Дұға оқы зиратына жақын өтсең,
Жол азабын тартпассың түспей торға.
Зираты шоқы деген ескі жұртта,
Құртты көлдің жағасы мұны ұмытпа.
Басына белгі қылып тас қойыпты,
Топырағын тауысып ем қылыпты.
Ғадыл деп бұл кісіні ел айтады,
Нашарға жаны ашиды деп айтады.
Ұстаған хақтың жолын ғұламаны,
Киелі, әулие деп жұрт атады.
Зиратына әрбір науқас түнейді екен,
Тәңірден жалбарынып тілейді екен.
Шипасы дертке дауа болама деп,
Көңілін ғибадатқа тірейді екен.
Топырағын ем қылуға алып кеткен,
Садақа тиындарын салып кеткен.
Ол ақшаны алғандар дұға оқиды,
Тіріге азық, өлгенге сауап еткен.
Жаратқан бір тәңірдің пендесіміз,
Өмірден бір өткен соң келмесіміз.
Еске алып ел жақсысын жаңғыртайық,
Аруағы бір аунасын жерлесіміз.
Тәңірім бірдей етпес жанның бәрін,
Әр кезде ағып өтер жұлдыздарың.
Халықтың жүрегінен жол табатын,
Алла артық қып жаратқан дарындарын.
Әулие жатқан жерің жарық болсын,
Еске алып дұға оқитын халық болсын.
Торқалы топырағың емге дауа,
Молдамыз ел аузында Салық болсын.
Секен шешен
2002жыл